Берлинде жүк көлік жүргізушілері көшелерді жауып тастады

Берлинде жүк көліктерінен ірі кептелістер пайда болды. Бұған жүздеген жүргізушінің ереуіл жариялап, шаһардың орталық көшелерін жауып тастауы себеп.

Шараға қатысушылар үкіметтен елдегі логистика саласындағы мәселелерге көңіл аударуын талап етуде. Себебі логистикалық компаниялар алыс жолға шығатын неміс жүргізушілерінің қызметіне жүгінудің орынына шығыс еуропалық компанияларды жалдауды әдетке айналдырған. Ереуілшілер бұл жергілікті заңға қайшы деп, биліктен жүк тасымалдау нарығын бақылауды қатаңдатуды сұрап отыр.

Грегор Тайдер, ереуілші:

- Румыниялық көлік жүргізушісі өз қызметі үшін 400 еуро, ал поляк жүргізушісі 1800 еуро алса, германиялық жүргізушінің қызметі 3 мың еуро тұрады. Бірақ заңда шетелдік жүргізуші аптасына үш-ақ рет тапсырыс ала алады деген бап бар. Соған қарамастан олар елде қалып жұмыстарын жалғастыруда. Біз үкіметтен жүргізушілердің барлық қозғалысын жазып, қай жерде жүргенін қадағалап отыру үшін цифрлық бақылау жүйесін енгізуді сұраймыз. Бізге әділ бәсекелестік қажет.