Үндістанда коронавирустың жаңа штамдары 20 штатқа тарап кетті

Жуырда Үндістанда қос мутациясы бар коронавирустың жаңа түрі анықталды.

Ал осыған дейін денсаулық сақтау министрлігі елде вирустың британдық, оңтүстікафрикалық және бразилиялық бірдей үш штамы тарап кеткенін мәлімдеген болатын. Наурыз айының басында Үндістан үкіметі жақын арада эпидемиологиялық ахуал тұрақталып, шектеу шаралары жеңілдейді деп уәде еткен еді. Енді билік өкілдері не істерін білмей отыр.

Айта кетейік, Үндістан коронавирусты жұқтыру саны бойынша әлемде екінші орында тұр.

Бір аптадан аз уақытта коронавирустың жаңа штамдары Үндістанның 28 штатының жиырмасына тарап кетті. Британдық пен оңтүстікафрикалық түрі бір мың адамда анықталды. Кәдімгі вирусты жұқтыру да көбейіп кетті. Орта есеппен Үндістан ауруханаларынан күніне 35 мың науқас жатқызылады. Бұл жыл басталғалы ең жоғары көрсеткіш. Мамандардың пікірінше, жаңа штамдардың тарауына штаттар арасында шекаралардың жартылай ашылуы мен тұрғындардың шектеу шараларынан жалығып кеткені себеп. Халық тіпті вирустан қорғанудың ең қарапайым ережелерін елемейтін болған.

Лата Манна, медицина бөлімінің кеңесшісі:

– Бұл түрімізбен індетті еңсере алмаймыз. Халық оқшаулану ережелерін елемейді және тек вакцинаны күтіп отыр. Ал ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін бірнеше ай қажет. Тұрғындардың көбі маска тақпайды, арақашықтықты сақтамайды. Осылай жалғаса берсе, елден вирустың жаңа штамы пайда болуы мүмкін.

Жаңа штамдардың таралуына тосқауыл қою мақсатымен үкімет 1 сәуірден бастап жасы 45-тен асқан азаматтарына екпе сала бастайды. Осыған дейін жасы 60-тан асқан тұрғындарға вакцина егіліп келген. Дели және Мумбаи қалаларында көктемгі Холи мейрамын тойлауға тыйым салды. Дәрігерлердің айтуынша, мутацияланған вирустың жұғу көрсеткіші бұрынғы түрінен екі есе жоғары.

Аша Нараян, дәрігер:

– Вирустар жиі мутацияланады, алайда әдетте бұл жұғу қабілетінің өсуі немесе аурудың ауыр өтуіне әкелмейді. Дегенмен британдық және оңтүстікафрикалық секілді мутациялар вирустың қаупін жоғарылатуы мүмкін. Ал жақында анықталған мутация расымен де вирустың қаупін еселетіп жіберді.

Мамандардың мәлімдеуінше, эпидемиологиялық шаралар жүйесін түпкілікті өзгертудің қажеті жоқ. Оқшаулану, маска тағу және әлеуметтік арақашықтықты ұстану секілді қарапайым шаралар арқылы да қосарланған мутациядан сақтануға болады. Қазір Үндістан үшін денсаулық сақтау жүйесіне түскен ауыртпашылықты азайту керек. Бұл тұста басты үміт – вакцинада.

Михаил Зейфман, Устад Рахман