Еуропада 30 млн адам вакцинаның екі дозасын салдырды

Еуропалық комиссия алдағы 2 жылда коронавирусқа қарсы вакцинаның 2 миллиардтай дозасын сатып алуды жоспарлап отыр.

Қазір Еуроодақтың 117 миллион тұрғынына вакцинаның бірінші доза салынған. Ал оның 30 миллионы 2-дозаны алып үлгерген. Енді маусымда оларға цифрлық жасыл куәлік берілмек. Сондай-ақ Еуропада екпе уақытылы жеткізілмей, вакциналау науқаны баяулап жатыр. Осыған байланысты Ирландия «АстраЗенеканы» сотқа берді. Британиялық-шведтік компания Еуроодаққа бірінші тоқсанда жеткізуі тиіс болған 120 миллион дозаның 30 миллионын ғана тапсырған.

Cтефан Де Кеерсмакер, Еурокомиссия өкілі:

– 100 миллион дозаға қосымша тапсырыс беруге келсек, Еурокомиссия мен «АстраЗенека» арасындағы бұл келісімшарттың мерзімі өтіп кетті, сондықтан вакциналар енді алынбайды. Келісілген екпелерді уақытылы жеткізе алмаған «АстраЗенекаға» қарсы қандай шара қабылданса да, бұл шешімдер Еуроодақтың барлық елдерімен бірлесе отырып қабылданады. Дозаларды дер кезінде жеткізуді қамтамасыз ету үшін әзірге барлық нұсқаларды қарастырамыз.

Стелла Кириакидес, денсаулық сақтау бойынша еурокомиссар:

– «Цифрлық жасыл куәліктерді енгізу – Еуроодақ аймағында емін-еркін жүріп-тұруға қатысты  ұсыныс. Кәрі құрлыққа үшінші елдерден келгендерге байланысты мәселе басқаша шешілуі тиіс. Біздің мақсатымыз – адамдардың қауіпсіз әрі еркін қозғалысын қамтамасыз ету.