Германияда халықтың 67% екпе салдырғысы келеді

Германия тұрғындарының үштен бір бөлігі вакцинаның бірінші дозасын салдырды.

Бұл халықтың 22 миллионнан астамы. Қазір екпені жасы 60-тан асқандар, сондай-ақ полицейлер, дәрігерлер мен тәрбиешілер алып жатыр. Алғашқылардың бірі болып Германиядағы тілшіміз, сонымен қатар жергілікті емханада хирург болып жұмыс істейтін тағы бір отандасымыз да вакцина салдырды.

Германияда вакциналау науқаны қарқынды жүріп жатыр. 2 дозаны 6 млн тұрғын салдырған. Арасында хирург Әсет Нүсіпбеков те бар. Ол «Файзер» екпесін алғашқы партиясы келе бастаған кезде, қыста алған.

Әсет Нүсіпбеков, хирург:

– Аймақта алғашқылардың бірі болып вакцина салдырдым. Бұл вирусты тоқтатудың бірден бір жолы. Ешкім үгіттеген де, мәжбүрлеген де жоқ, өз еркіммен егілдім. Жай ғана сұрады, мен келісім бердім.

Екпені мемлекет басшылары – канцлер Ангела Меркель мен Президент Штайнмайер де салдырды. Олар ел қатарлы кезегін күтті. Себебі кезектің басында дәрігерлер, қарттар үйлерінің қызметкерлері және жасы 80-нен асқан қариялар тұрған еді. Билік жазда тұрғындардың басқа санатын егуге кіріседі.

Әсет Нүсіпбеков, хирург:

– Қазір вирустың әртүрлі штамдары туралы жаппай айтылып жатыр. Бұл мутация тек адамның ағзасында ғана бола алады. Вирус өздігінен өзгеріске түспейді. Яғни вакцина салдырғандар көбейген сайын вирустың мутациялану мүмкіндігі де төмендейді. Сондықтан вакциналау – індетке қарсы күресте өте маңызды құрал.

Соңғы сауалнама бойынша, немістердің 67 проценті екпе салдырғысы келеді. Бірақ ұжымдық иммунитетке қол жеткізу үшін халықтың 80 проценті егілуге тиіс. Өткен аптада Германияда күніне 1 миллионан астам адам вакцина қабылдап, рекордты деңгейге жетті. Билік екпе алғандарды шетелден оралғанда оқшауланудан босатады, сондай-ақ сұлулық салондары мен дүкендерге тестісіз баруға рұқсат беруді жоспарлап отыр. Яғни мұнда қалыпты өмірге оралатын күн алыс емес.

Ернат Мелсұлы, Шолпан Найманбаева