Германияда вакцина қабылдағандар үшін жеңілдік жасалады

Германияда алдағы демалыс күндерінен бастап екпе салдырғандар мен ковидпен ауырып шыққандар үшін мұражайлар, азық-түлік дүкендерінен бөлек сауда орталықтарына кіруге мүмкіндік туады.

Сонымен қатар коменданттық сағат кезінде көшеге шыға алады. Шетелден оралғанда карантинге оқшауланудың да қажеті жоқ. Бүгінде Германияда 8 млн тұрғын вакцина алған. Халық санының үштен бір бөлігі ғана препараттың бірінші дозасын ектірген екен. Ал Бавария федералды аймағының билігі шектеу тәртібін жеңілдете бастады. Науқастар азайғандықтан көптеген муниципалитетте коменданттық сағат алынды. Сонымен қатар 5 адамға дейін топтасуға рұқсат етілді. Тұрғындар сән салондары мен сауда орындарына бара алады. Ол үшін тесттің теріс нәтижесі жайында анықтаманы көрсетудің қажеті жоқ. Ал мұражайларға бару үшін алдын ала жазылу керек. 

Штефани, Бавария тұрғыны:

– Енді керемет ауа райы тұрғанда жазғы террассаларда отырып рахаттанып демаламыз.  Бұған өте қуаныштымыз. Бұрынғы тыныс тіршілігімізге қайта оралып ашық аспан астында жүрек жалғап алатын боламыз.

Феликс, Бавария тұрғыны:

– Біз үшін бұл жеңілдіктер ауадай қажет болды. Әрине, бұл қоғамдық тамақтану орындарының иелеріне де тиімді. Мәселен, біраз уақыт тұралап қалған кәсіптері қайта жандана бастайды.

Енді 10 күннен кейін Бавария аумағында қонақ үй мен жазғы лагерлер ашылмақ. Тек вирус өршіп тұрған аудан тұрғындары ғана жазғы демалыстарын кемпингтерде өткізе алмайды. Ал Берлиннің өзінде карантиндік талаптар әлі де өз күшінде қалады. Бұған аймақтағы эпидахуал себеп. Билік өкілдері мамырдың 19-ына дейін жағдай оңалса, локдаун жеңілдей бастайтынын айтады.