Екі жасар америкалықтың IQ көрсеткіші 146 балды құрады   

Калифорнияның екі жасар тұрғыны әлемнің ең ақылды адамдарына арналған «Менса» ұйымының ең жас мүшесі атанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның зияткерлік коэффициенті 146 балға тең. Негізі ғұлама адамдардың өзінде бұл көрсеткіш 145 балдан жоғары болады екен. Анасы қызының есте сақтау қабілеті жақсы дамығанын айтады. Бір жарым жасында бүлдіршін әріптер мен сандарды танып, түстерді ажырата алатын.

Қазір кішкентай қыз АҚШ-тың бүкіл 50 штатының картада қалай орналасқанын көрсетеді. Сонымен қатар ол испан тілін оқып жүр.

Айта кеткен жөн, бұған дейін «Менса» ұйымының ең жас мүшесі атағына Ұлыбритания азаматы ие болған. Ол екі жас 4 айында зияткерлік коэффициенті бойынша 142 балл жинаған екен.