ДДСҰ: «Дельта» Уханьдағы вирустан 2 есе жұқпалы

Өз кезегінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «дельтаның» Уханьда табылған вирустан екі есе жұқпалы екенін растап отыр.

Ұйымның бас ғылыми қызметкерінің айтуынша, инфекцияның осы түрін жұқтырған науқас оны сегіз адамға дейін тарата алады. Сондықтан «дельта» штамы көп ұзамай жер жаһанда кеңінен етек жайған мутациялық вариант атану қаупі бар, дейді ол. Бір қуантарлығы, бүгінде әлемде қолданылып жатқан вакциналардың басым бөлігі оған қарсы тұра алады екен.

АВСТРАЛИЯДА «ДЕЛЬТА» ШТАМЫ ӨРШІДІ

Австралияда коронавирустың жаңа штамы өршіп тұр. Халық ең шоғырланған өңір саналатын Жаңа оңтүстік Уэльс штаты қазір індет басталғалы бері болмаған жағдайды бастан өткеріп жатыр. Аймақта дельта дертіне шалдығу көрсеткіші бірнеше күннен бері артып келеді. Осыған байланысты жергілікті билік қатаң шектеу шараларын енгізді. Штат астанасы – Сиднейде тіпті локдаун жарияланды. Енді тұрғындардың сапарға аттануына рұқсат жоқ. Тек жұмыс не оқу барысымен ғана үйден шығуға болады.

Глэдис Береджиклян, Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының Премьер-министрі:

– Жағдайдың одан бетер ушыққанын қаламаймыз. Сондықтан Дельтаның таралуын мейлінше тезірек тоқтатуымыз керек. Осыған байланысты азаматтардың себепсіз үйден шығуына тыйым салынды. Мұндай шара жаңа штамның таралуын тежеуге септігін тигізеді деп санаймыз.

Австралиялық ғалымдар келтірген мәліметке сәйкес, Дельтаның адамға жұғуы үшін науқастың жанында шамалы уақыт өткізсе де жеткілікті. Яғни уханьдық вирус сияқты науқаспен 15 минут байланыста болудың қажеті жоқ.

АҚ ҮЙ БАСШЫСЫ АМЕРИКАЛЫҚТАРДЫ ВАКЦИНА САЛДЫРУҒА ШАҚЫРДЫ

Үнді штамынан қорғанудың бір ғана жолы бар. Ол – вакцина салдыру. Америкалық ғалымдар осылай дейді. Бұл елде де дельта дерті жұрттың мазасын қашыра бастаған. Ресми мәлімет бойынша, мутацияның осы түрі елдің барлық штатында дерлік анықталған. Соңғы екі аптадан бері тіркеліп жатқан вирус жұқтыру деректерінің 20 проценті дәл осы Дельтамен байланысты екен. Осындай жағдайға байланысты Ақ үй басшысы америкалықтарды вакцина салдыруға шақырды. Ол үшін АҚШ азаматтарына барлық жағдай жасалған. Індетке қарсы препаратты тек аурухана мен екпе егу орталықтарында емес, тіпті дәріхана мен кафе-барларда да салуға болады.

Джо Байден, АҚШ президенті:

Адам өз қауіпсіздігі үшін вакцина қабылдайды. Екпе салдырмағандар болса, өмірін қатерге тігеді. Шындық осы. Қазір коронавирустың дельта штамы етек жайып барады. Біз пандемия кезінде бір жылдың ішінде 600 мың адамнан айырылдық. Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыста мұншама адам қаза таппаған еді.