Ресейде Халықаралық авиағарыш салоны ашылды

Екі жылда бір өтетін көрмеде техниканың жаңа үлгілері көрсетіліп, түрлі келісім-шарт жасалады. Беделді шараға Қазақстан әуеғарыш және қорғаныс өнеркәсібі саласының жетекші кәсіпорындары қатысады. Биыл Ресей тарапының шақыруымен Қазақстан серіктес ел ретінде авиасалонды ашуға атсалысты.

Жуковский аэродромында әскери және азаматтық техниканың жаңа үлгілері қойылған. Көрмеге 800-дей ресейлік пен шетелдік компания қатысып жатыр. Биыл Қазақстан серіктес ел ретінде халықаралық авиакөрмені ұйымдастыруға атсалысты. Шараның ашылу салтанатында Ресей президенті Владимир Путин әуе-ғарыш саласында екі елдің бірлескен жобаларының болашағы зор екенін атап өтті.

Владимир Путин, Ресей Президенті:

- Ресейдің серіктес елі ретінде көршіміз әрі одақтасымыз - Қазақстан қатысып отырғанына айрықша назар аударғым келеді. Біз авиақұрылыс секілді жоғары технологиялық салада қазақстандық әріптестерімізбен және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше өзге елдермен өзара әрекет ауқымын кеңейтеміз. 

Қазақстандық компаниялар үшін бұл шетелдік тұтынушыларға өз өнімін көрсетудің жақсы мүмкіндігі.

Санияр Айтекенов, «Қазақстан Инжиниринг» компаниясының басқарушы директоры:

- Пандемия, әрине өзгеріс енгізді. Керісінше өндірісіміздің өсуіне әсер етті деуге болады. Бұрын импорттайтын бөлшектерді енді өзіміз шығаратын болдық. Біз өзімізде құрастырылатын ресейлік техникаға және шетелдік әуе техникасына да қосалқы бөлшектер жасаймыз.

Тікұшақтарға арналған бұл қосалқы бөлшектер Көкшетаудағы «Тыныс» зауытының өнімі. Ол Ресей мен ТМД елдеріне экспортқа шығарылады. 

Әнуар Сұлтангареев, «Тыныс» АҚ Бас директоры: 

- МИ үлгісіндегі барлық тікұшақ біздің жылытқыштармен жабдықталған. Зауытымыз барлығын өзі жасайды, тек шикізат алып, одан агрегаттар істейді. Сондай-ақ «Ансат» тікұшағына жаңа жылытқыш шығардық. Мұнымен қоса Ресей Федерациясының барлық жөндеу мен құрастыру зауыттарын 50-ден аса бұйыммен қамтимыз.

«Қазақстан ASELSAN инжиниринг» көрмесінде жетілдірілген тікұшақ кабинасының макетін ұсынды. Көрме аясында Ресей мен Қазақстан компаниялары арасында бір жүзден аса келісімге қол қоюы жоспарланған. Екі ел арасындағы серіктестік мамандар дайындау мен жаңа ұшақтар шығару секілді түрлі салаларды қамтиды. Алматыдағы авиажөндеу зауытында МИ-8 тікұшақтарын құрастыру осы бірлескен жобалардың бірі. 

Дана Нұржан, Шахзод Гамиров