АҚШ-тың солтүстік-шығысын «Ида» дауылы жайратып кетті

Дауылдың соңынан жауын селдетіп, судың деңгейі 20 санти-метрге дейін көтерілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көшелерді су алып, дүние-мүлік ағып кетті. Пенсильвания және Делавэр штаттарында жол белгілері мен көліктердің төбесі ғана көрінеді. Өкінішке қарай, тасқын салдарынан 18 адам ажал құшты. Нью-Йорк және Нью-Джерси штаттарында төтенше жағдай жарияланып, әуе рейстері уақытша тоқтатылды.

Джо Байден, АҚШ президенті:

– «Ида» дауылынан еліміздегі басты экономикалық орталық – мұнай өндіретін және құбырлар тартылған аймақ зардап шеккенін ескергеніміз маңызды. Сондықтан табиғи апаттың салдары газға қол жеткізуге және оның бағасына кері әсер етуі мүмкін. Энергетика министріне жағдайды реттеу үшін тез әрі тиімді әрекет етуді тапсырамын. Соңғы күндері Батыста болған орман өрті, «Ида» дауылы мен су тасқыны климаттық дағдарыстың өте тереңде екенін білдірді. Біз электр энергиясының инфрақұрылымына, жолдарды, көпірлер мен су-кәріз жүйесіне тарихи көлемде инвестиция салуды жоспарлап отырмыз.