Германия «Талибанмен» келіссөздер жүргізуге дайын

Тәліптер 15 тамыздан бері қарсы соғысып, берілмей қойған Панджшер провинциясын толық басып алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы «Талибан» қозғалысының өкілі Забиулла Муджахид твиттердегі парақшасында ресми мәлімдеді. Ол Ауғанстан Ислам әмірлігінің әскеріне қарсы бас көтерген оппозицияның кейбір жетекшілері оққа ұшқанын, біразы қашып құтылғанын жеткізді. Құрбан болғандардың арасында ұлттық қарсылық майданының баспасөз хатшысы бар.

Ахмадулла Уасиқ, «Талибанның» мәдениет комиссиясы басшысының орынбасары:

- Панджшер біздің бас ауруымыз емес. Бұл провинцияны толық тізе бүктірудің шегеріліп келгені - жергілікті тұрғындар соғыстан жапа шекпесін деп қарсыластарды бізге бейбіт түрде қосылуға шақырдық. Бейбіт мәміле болады деп күттік. Бірақ олар мұны жоққа шығарды, ақыры қарулы күш қолдануға мәжбүр болдық.

Ал Германия канцлері Ангела Меркель тәліптермен келіссөздерге әзір екенін жеткізді.

Ангела Меркель, ГФР канцлері:

- «Талибанға» қатысты айтарым, әрине, біз олармен сөйлесуіміз керек, себебі бізге олармен келіссөздер жүргізуімізге тура келеді. Біз Ауғанстаннан неміс ұйымдарының пайдасы үшін жұмыс істеген адамдарды көшіріп алғымыз келеді. Қазір оларға қауіп төніп тұр. Сондай-ақ Германия Ауғанстандағы гуманитарлық жағдайды жақсартуға атсалысуға дайын.

* Еске сала кетсек, Талибан ұйымына Қазақстандағы Жоғарғы Соттың 2005 жылғы 15 наурыздағы шешімімен тыйым салынған.