АҚШ-та эпидахуал тұрақсыз болып тұр

Әлемнің көптеген елінде ковид-19 пандемиясының жағдайы түзеле бастағанымен АҚШ-тағы эпиджағдай мәз емес. Сәуір айында вакциналаудың қарқыны тәулігіне 3 миллионнан асса, қазіргі кезде 800 мыңға жетпей отыр. Бұл сөзсіз індеттің таралуына әсер етіп жатыр. ДДСҰ мамандары елдегі вирустың өршуі соңғы айларда 20 процентке өсті дейді.

Талғат Алманов, тілші:

- АҚШ халқының 54 проценті немесе 180 миллионнан астамы толықтай вакциналғанымен кейбір штаттардағы екпе алудың қарқыны өте төмен деңгейде қалып отыр. Мәселен, Айдахо, Вайоминг, Солтүстік Дакота және Миссисипи штаттарында  вакциналанған халықтың саны 50 процентке де жетпейді дейді мамандар. Шілде айынан бері өршіп келетін індет елдің барлық елу штатында да байқалып отыр. Осы орайда Президент Байден тиісті мамандар вакцина алу мен тестілеуден өтуді міндеттеудің жаңа бағдарламасын қолға алып жатқандығын мәлімдеді. Осы аптада Ақ үй басшысы Майкрософт, Уолт Дисней, Кайзер Перманент және өзге де алып корпорациялардың басшыларымен кездесіп, вакцина алудың маңыздылығына тоқталды. Айтуынша, экономиканың аяққа тұрып, америкалықтардың қалыпты өмірге оралуы уақытылыы вакцина алуға тікелей байланысты.

Джо Байден, АҚШ Президенті:

- Вакцина алу арқылы ауырғандардың, қайтыс болғандардың және ауруханаға түскендердің санын едәуір азайтамыз. Бұл сөзсіз біздің экономикамызға оң әсер етеді. Қазіргі кезде Еңбек Министрлігі вакциналаудан және тестілеуден өтуді міндеттейтін арнайы бағдарлама әзірлеп жатыр. 

Талғат Алманов, тілші:

- Мамандардың айтуынша, оңтүстік штаттардағы эпиджағдайдың ушыққаны соншалық, кейбір қалалардағы өлім көрсеткіші 40 процентке дейін өскен. Әсіресе әлеуметтік осал топтардың вакцина алуға мүмкіндігі жоқ дейді мамандар.  Джон Хопкинс Университетінің мәліметі бойынша қара нәсілді және латын америкалықтардың ақ американдықтармен салыстырғанда ауруханаға түсу көрсеткіші үш есе, ал қайтыс болу көрсеткіші екі есе жоғары болып отыр. 

Нэнси Меджия, еріктілер тобының басшысы:

- Халық арасындағы теңсіздік байқалуда. Дегенмен, біз осал топтарға көмектесуіміз қажет. Қазіргі кезде үй-үйді аралап вакцина алуды ұсынып жатырмыз. Біз оларға қол ұшын созып, вакцинамен қамтамасыз етпесек олар ауруханаға келе алмайды. Оның үстіне ауруханада да орын жоқ.

Талғат Алманов, тілші:

- Рас, АҚШ-тың көптеген ауруханаларында бос орын тапшы. Бір ғана Техасты алыңыз, бұл штатта 169 аурухана 95 процентке толып отыр. Алдағы уақытта амеркиандықтардың вакцина алу қарқыны түзелмесе, ауыр халдегі науқастардың өзін қабылдау мүмкін болмайды дейді дәрігерлер.

Талғат Алманов

Сондай-ақ...