Сан-Паулудағы су қоймалары тартылып барады

Су мәселесі жаһанға қатер төндіріп тұр. Экономикасы ауыл шаруашылығына тәуелді елдердің бірі Бразилия биыл соңғы жүз жылда болмаған қуаңшылықтың зардабын тартты.

Елдің ең көп адам шоғырланған өңірі Сан-Паулу штатында су қоймаларының көбі тартылып барады. Соның салдарынан тек Бразилия ғана емес, Латын Америкасындағы Аргентина мен Чили де зардап шегіп отыр. Болжам бойынша жыл соңына дейін бұл елдерде су электр станцияларында өндірілетін энергияның мөлшері азаюы мүмкін. Сондықтан билік бразилиялықтарды электр энергиясын үнемдеуге шақырды.

Суэли Араужу, климатолог:

- Суға қатысты дағдарыс - бұл әрине климаттың өзгеруі салдарынан туындаған проблема. Десе де, Бразилиядағы жағдайға адамдар кінәлі. Өйткені оталған орманда шек жоқ.

2035 жылға таяу Ресейдің 9 өңірінде су тапшылығы өткір сезіледі

Жалпы осы Бразилия тұщы су қоры бойынша әлемде бірінші орында тұр. Екінші орында - Ресей. Алайда көрші елде, тіршілік нәрінің бөлінуі дұрыс қарастырылмаған. Мәселен, Ресейдің еуропалық бөлігіне су қорының тек 20 проценті ғана тиесілі. Алайда халықтың және кәсіпорындардың 80 проценті дәл осы өңірде шоғырланған. Соның салдарынан 2035 жылға таяу Ресейдің 9 өңірінде судың өткір тапшылығы сезілуі мүмкін деген болжам бар. Ғалымдардың айтуынша, мұндай жағдайды болдырмау үшін инновациялар енгізіп, өзендерді ластанудан қорғау керек. Сондай-ақ кейбір су қоймаларда, шұғыл түрде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуге тиіс.