АҚШ-та бұрын сотты болған адамдардың жұмысқа тұруы жеңілдеді

Еңбек мигранттарының тапшылығы АҚШ-та да сезіліп отыр. Өйткені пандемияға байланысты елге кіру ережелері қиындаған.

Ауыл шаруашылығы, қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету саласында кадр жетіспейді. Ал жалақысы төмен жұмысқа жергілікті жұрттың барғысы жоқ. Кейінгі уақытта істі болған азаматтардың жұмысқа орналасуы жеңілдеген. Кәсіпкерлер Ауғанстаннан келген босқындарды еңбекпен қамту жағын да қарастырып жатыр. АҚШ-қа бұл елден 37 мың мигрант келген. Билік осылайша көші-қон және жұмыссыздық мәселесін шешуге ниетті. Ал сарапшылар жақында жергілікті тұрғындардың құлшынысы артуы мүмкін дейді. Өйткені пандемияға байланысты жұмыссыздық бойынша төленетін кеңейілген жәрдемақының мерзімі аяқталады. 

Ресейде де осындай проблема. Әсіресе қонақүй-мейрамхана бизнесінде жұмысшылар тапшы. Оған шектеу шараларына байланысты отанына қайтып кеткен еңбек мигранттары себеп.

Олимпиада Знаменская, мейрамхана және қонақ үй иелері федерациясы президентінің кеңесшісі:

- Шекаралар жабылғанда ТМД елдерінен келген азаматтар отанына қайтып кетті. Мейрамхана мен қонақ үйлерде негізінен сырттан келген кісілер жұмыс істейтін. Бірақ сол азаматтар Ресейге қайтып келмеді. Салдарынан бізде кадр тапшылығы туындады. Пандемияға байланысты жалақыны да көтеруге тура келді. Еңбекақы шамамен 20 процентке өсті.