Ресей НАТО-мен қарым-қатынасты үзді

Ресей НАТО-мен қарым-қатынасты үзді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресей Федерациясының сыртқы істер министрі Сергей Лавров Солтүстік Атлантикалық Альянс жанындағы Тұрақты өкілдіктің жұмысы тоқтағанын жариялады. Бұдан бөлек НАТО-ның Мәскеудегі әскери байланыс миссиясы мен ақпараттық бюросы да жабылатын болды. Мұндай шара Ресейдің НАТО-дағы миссиясының екі есе қысқаруына қарымта жауап ретінде қабылданды.

Бұған дейін аталған альянс «тыңшылық жасады» деген күдікпен ресейлік 8 дипломатты аккредитациядан айырып, тағы екі қызметкердің орнын қысқартқанын хабарлаған еді. Осылайша, НАТО-дағы ресейлік миссия 20 адамнан он дипломатқа азайып қалды.

Сергей Лавров, РФ сыртқы істер министрі:

- НАТО диалог орнатуға немесе бірлесіп жұмыс істеуге ешқандай мүдде танытып отырған жоқ. Мұндай қарқынмен жақын болашақта қандай да бір өзгеріс орнауы екіталай. НАТО-ның өзі де мұндай өзгерістің болуы мүмкін емес екенін жеткізді.

Өз кезегінде НАТО-дағылар диалогқа дайын екенін алға тартады.

Естеріңізге салсақ, Ресей мен НАТО арасындағы қарым-қатынасқа 2008 жылғы Грузия соғысынан кейін сызат түсті. Ал 2014 жылғы Қырым мәселесінен кейін арадағы байланыс мүлдем ушықты. Дәл сол жылдың сәуірінде Ресей мен НАТО-ның әскери ынтымақтастығы тоқтаған болатын.

Хайко Маас, Германия Сыртқы істер министрі:

- Бұл мәселе жағдайды одан сайын қиындата түседі. Онсыз да бәрі күрделі. Соңғы жылдары Германия бірнеше рет НАТО аясында Ресеймен диалог орнатуға талпынды. Бірақ Ресей оған дайын емес секілді. Бұл өкінішті, әрине. Себебі Мәскеудің шешімі онсыз да тығырықта тұрған жағдайды одан сайын қиындатары сөзсіз.