Ала тақиялы ағайын жаңа сайланған президентін ұлықтады

Бүгін Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев салтанатты түрде ант беріп, президенттік қызметке қайта кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

24 қазанда өткен сайлауда либералды-демократиялық партия атынан қатысқан Шавкат Мирзиёев 80,12% дауыс жинап, жеңіске жеткен болатын.

Риат Шони, тілші:

– Қазіргі Өзбекстанның отыз жылдық тарихын екі кезеңге бөлуге болады. Алғашқы жиырма бес жыл, яғни 1991 жылдан 2016 жылға дейін қатаң, турашыл, жігерлі басшы республиканың тұңғыш президенті Ислам Каримовтың бейнесімен тығыз байланысты болды. Бұл аралықта Өзбекстан посткеңестік кеңістіктегі ең жабық мемлекеттердің бірі болды. Көрші елдермен де достық қарым-қатынас тиісті деңгейде болды деудің өзі қиын.

Ал Ислам Каримов қайтыс болып, президенттік лауазымға Шавкат Мирзиёев келгеннен бері Өзбекстан дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Қордаланған біраз ішкі мәселе шешіле бастады. Қоңсылас елдермен достық қарым-қатынас орнап, Өзбекстан өз есігін айқара ашты. Егер 2016 жылы 9 елмен ғана визасыз режим жұмыс істесе, қазір олардың қатары 86-ға жетті. Шавкат Мирзиёев президенттігінің басында-ақ Орталық Азия Өзбекстан үшін негізгі аймақ деп атаған. Экономикалық байланыста ең алдымен Миризиеев алты рет барған Қазақстанмен қарым-қатынасқа жаңа серпін берілді.

Равшан Назаров, саясаттанушы:

– Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы өзара қарым-қатынас біздің өңірде негізгі рөл атқаратыны түсінікті. Шын мәнінде, біздің өңірдің тұрақтылығы мен оң дамуы бірінші кезекте Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы өзара қарым-қатынастағы тұрақтылыққа байланысты деп айтуға болады. Әлеуметтік-экономикалық өзара ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Демек Қазақстан мен Өзбекстан арасында, оның ішінде шекаралас аймақтарда байланыс жақсы орнады. Бұл да өте қуантарлық жағдай.

2017-2020 жылдары аралығында Өзбекстанның сыртқы сауда айналымы 1,4 есеге өсті. Инфляция деңгейі 18 проценттен 11-ге дейін төмендеді. Тағы бір айта кететін маңызды жәйт, Шавкат Мирзиёев кезінде қаржы нарығында оң өзгеріс орнатқан. Яғни ұлттық және де шетелдік валюталарды ел ішінде банктерде тиімді курспен ауыстыру мүмкіндігін жасады. Бұл өз кезегінде қара нарықтағы валюта ауыстыруды жойды және инвесторлардың көптеп тартылуына сеп болды. Себебі 2017 жылға дейін Өзбекстанда үш бірдей айырбас бағамы болған.

Фарход Толипов, саясаттанушы:

– Бұл президент қабылдаған алғашқы шешімдердің бірі болды және ол экономикалық жағдайға қатты әсер етті. Себебі қара нарық жоғалып, өте ыңғайлы конвертация ортасы пайда болды. Қазір біз халықаралық рейтингтерден мәселен, Doing business-ті алатын болсақ, Өзбекстан жылдан жылға өз позициясын жақсартып, көтеріліп келеді.

24 қазанда өткен сайлауда айқын басымдықпен жеңіске жеткен Шавкат Мирзиёев бүгін заң шығарушы және Олий Мәжіліс Сенатының бірлескен отырысында салтанатты түрде ант беріп, өзінің екінші президенттік мерзімін атқаруға кірісті.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының президенті:

– Өзбекстан халқына адал қызмет етуге, Республиканың Конституциясы мен заңдарын бұлжытпай сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Өзбекстан Республикасының президентіне жүктелген міндеттерді адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін.

Енді алдағы 5 жылда Шавкат Мирзиёев сайлаушылар алдында берген уәдесін орындауға кіріспек. Ол - кедейшілік деңгейін төмендету, дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысын 1 мың долларға дейін жеткізу, цифрлық экономиканы дамыту және де азаматтық қоғам институтын кеңейту. Бұл өз кезегінде жаңа Өзбекстанның демократиялық елге айналуына сеп болады. Өз сөзінде Шавкат Мирзиёев өзбек халқымен бірге бастаған демократиялық реформалар жолын жалғастыратындығын да айтты.

Риат Шони, тілші:

– Саясаттанушылар партиялар арасындағы бәсекелестікті арттырып, Олий Мәжілісте де реформа жүргізу керек деп есептейді. Себебі онда фракциялар арасында күрес және де билікке сын айта алатын оппозиця да жоқтың қасы дейді. Осы ретте Шавкат Мирзиёев өзінің екінші президенттік мерзімі барысында конституциялық реформаны жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын тілге тиек етті.

Авторлары: Риат Шони, Санжар Шатуляганов