Францияда жануарларды қорғау туралы заңның түпкілікті мәтіні бекітілді

Бұл құжат бірнеше рет қызу талқыланып, кері қайтарылған болатын. Енді жуырда жаңа шектеулер күшіне енеді.

Мәселен, үй жануарын сатып алу үшін ойлануға бір апта уақыт және жауапкершілік туралы міндеттемеге қол қою қажет. 2 жылдан кейін жабайы жануарлар ұстайтын цирктердің жұмысына, ал 5 жылдан соң дельфинарийге тыйым салынбақ. Сондай-ақ терісі бағалы аңдарды асырайтын барлық шаруашылықтар жабылады. Жануарға қасақана зиян келтірген адамдар 45 мың еуро айыппұл төлеп, 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Зорлық-зомбылық әрекетін бейнекамераға түсіріп таратқандар да  қатаң жазаланады. Айта кетейік, Францияда әрбір екінші отбасы үйде жануар ұстайды. Бірақ жыл сайын 100 мыңға жуық ит пен мысық көшеге тасталады.

Фабьен Ге, Франция Сенатының депутаты:

- Заңның нақты осы мәтінін дауысқа салу маңызды болды. Бұдан былай жануарларға жарнама жасалатын немесе сыйлайтын зат әлде тауар ретінде қарауға және жабайы аңдарды қамап ұстауға мүлде жол берілмейді. Енді кез келген адам «мұның арты қалай болар екен» деп, мың қайтара ойланатын болды. 

Беранжер Абба, Францияның биоалуандық бойынша мемлекеттік хатшысы:

- Бұл тарихи сәт. Жануарларға қатысты бекітілген жаңа заң адамгершілікті асқақтатып, бізді көкейіміздегі қоғамды құруға жақындата түсті. Аталған заң халқымыздың мақтанышына айналды!