Ташкентте екпе алмаған 26 мың адам жұмыстан шеттетілді

Өзбекстанда коронавирусқа қарсы екпе алмаған 26 мың адамға жұмысқа баруға рұқсат жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Көрші елдің санитарлық эпидемиологиялық қызметі түрлі мекемелерде тексеріс жүргізіп, вакциналаудан өтпеген 50 мыңға жуық адамды анықтаған. Тағы 2 мың 225 жұмыс берушіге айыппұл салынып, 175 нысанның жұмысы уақытша тоқтатылған. Жалпы қазір Өзбекстанда вирус жұқтырғандардың саны 190 мың 850-ге жетті. Соңғы тәулікте 266 адамнан COVID-19 инфекциясы анықталған. Ал иммундау шарасында вакцинаның 31 млн-ға жуық дозасы пайдаланылған. Екпе егудің толық курсынан өткен өзбекстандықтардың қатары 5 млн-нан асты.

Естеріңізге сала кетейік, Өзбекстанда міндетті екпе егу тамыз айында қабылданып, заңға өзгеріс енгізілген болатын.

Нұрмат Отабеков, санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық және қоғамдық денсаулық қызметі басшысының орынбасары:

– Тамыз айының басында Өзбекстан президенті жұмыс берушіге профилактикалық вакциналаудан бас тартқаны үшін қызметкерді жұмысқа жібермеу құқығын беретін заңға қол қойды. Біз осы күнге дейін 30 мыңға жуық тексеріс жүргіздік. Оның ішінде 20 мыңнан астамы бюджеттік ұйымдарда және 7900-ден астамы шаруашылық жүргізуші субъектілерде. Нәтижесінде 50 мыңға жуық жұмысшының екпе алмағаны анықталды. Оның 38,8 мыңы бюджеттік ұйымдарда болса, 11,2 мыңы шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметкерлері болып шықты.