Үндістан билігі көше кезіп жүрген адамдарды баспанамен қамтымақ

Үндістанда кедейлікті жоюға бағытталған шара қолға алынды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Жергілікті билік көше кезіп жүрген адамдарды баспанамен қамтымақ. Осы мақсатта бюджеттік үйлердің ең ауқымды құрылысы басталды. Үкімет келесі жылдың соңына дейін 10 миллионға жуық үй салуды көздеп отыр.

Үндістанда шіріген бай мен сіңірі шыққан кедей арасында алшақтық басым. Халықтың 75 проценті, яғни бір миллиардтай адам күніне бір долларға тамақтанады. Жүздеген миллион жұрттың баспанасы жоқ. Енді жергілікті билік жарлы-жақыбайды жарылқау мақсатында бюджеттік баспана сала бастады. Ең ауқымды құрылыс Дели мен Раджастан штаттарында жүріп жатыр. Бір айдың айналасында аса биік емес 112 мың үй салынып, жарты миллион адам баспаналы болды.

Груприт Пандита, бюджеттік баспана салу жобасының инженер-кураторы:

- Бюджеттік баспана салу кезінде құрылыс материалдарының қолжетімдігі мен жұмыстың шапшаңдығы ескеріледі. Панельдік үйлер саламыз, ванна мен әжетхана қойылып, жарық беріледі. Қысқасы қабырғалары, шатыры мен жылуы бар үйді береміз. Осындай бір үй орта шамамен 50 мың доллар тұрады.

Жобаға қажетті қаржының дені бюджеттен бөлінді. Қалғанына инвестиция құйылды. Ал оның 30% БҰҰ қарайласты. Ілкімді іс келер жылдың соңында аяқталады. Оған дейін кем дегенде 40 миллион адам баспаналы болады.

Сандеш Сангхе, Аджмер ауданы әлеуметтік жәрдем беру бөлімінің басшысы:

- Құрылыспен қатар статистикалық жұмыс та жүргізіледі. Баспанаға зәру адамдардың мәліметтері зерттеліп, пәтерге кезек тізімі әзірленіп жатыр. Күн сайын жүздеген мың анкета өңдеуге тура келеді. Дегенмен көбі бұл жобаға күмәнмен қарап отыр. Пәтердің тегін берілетініне сенбейді. Бірақ насихаттау жұмысына уақыт шығындамаймыз. Полиция мен әлеуметтік қызметкерлер көшедегі баспанасыздарға пәтер алу үшін не керектігін түсіндіріп жүр. Арғы жағын өздері біледі.

Иә, пәтер де тегін емес. Әлеуметтік несие деп ұққан жөн. Үйге кіргеннен кейін иесі үш айда жұмысқа тұрып, коммуналдық қызмет құнын төлеуге тиіс. Оның үстіне, 20 жылда пәтердің толық құнын өтеп бітуі керек. Әйтпесе, баспанасынан айырылады. Сөйтіп қайтадан қаңғыбастың күнін кешеді. Яғни баспанасыздарға арналған әлеуметтік орталыққа барады.

Александр Колюжный, Сунил Самад