АҚШ-та опиоид препаратына тәуелділер көбейген

90 жылдары АҚШ-та опиоид дәрілері пайда болды. Ауруды басатын бұл препарат тез тарап, тіпті мұнсыз тұра алмайтын науқастар көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның соңын ала осы дәріге аңсары ауып, тәуелді болып қалғандардың алды қайтыс бола бастады. Содан бері қаншама адам өмірімен қош айтысты. Бірақ мәселе АҚШ-та әлі күнге өзекті. Детройдтық Қайла Мильбергер үшін опиоид таңсық дүние емес. Осыдан 5 жыл бұрын ауруды басатын препаратты тұрақты қабылдап жүрген әкесі оны шамадан тыс қолданып, ақыры қайтыс болды. Араға бірнеше жыл салып, інісі де осыған ұқсас есірткі тектес анельгетиктен көз жұмды.

Кайла Мильбергер, фильммейкер:

– Әкем мен інімнің қайтыс болуы отбасымыз үшін орны толмас қайғы. Алғашында әкемнің осындай дәрілерге тәуелді болып, отбасына тиісті көңіл бөлмегені үшін жазғырып жүретінмін. Бірақ уақыт өте бұл проблеманың төркіні біз ойлағаннан да әріде жатқанына көзім жетті. Сол себепті осы тақырыпты зерттеп, арнайы документалды фильм түсіруге бел будым.

Жас фильммейкердің картинасы опиоидтың құрбандары және онымен күреске арналған. Кайланың айтуынша, мәселенің өзектілігі жыл сайын артып келеді.

Себебі мұндай дәрілер АҚШ қоғамында қолжетімді болып саналады. Мәселен, ебін тауып фентанил сияқты жоғары синтетикалық опиоид түрін Нью-Йорк көшелеріндегі дәріханалардан сатып алуға болады. Ал негізінен бұл тек дәрігердің тағайындауымен ғана берілуге тиіс.

Кайла Мильбергер, фильммейкер:

– Өзге елдер үшін бұл жаңа эпидемия болуы мүмкін, бірақ АҚШ-та опиоид деген үйреншікті тақырып. Бала кезімізден-ақ туыстарымыздың, достарымыздың немесе таныстарымыздың опиодтқа тәуелді болып, тіпті қайтыс болып жатқанын да естіп өстік. Бұл үйреншікті жайт болып көрінгенімен онымен күресу қажет.

АҚШ-тың Ұлттық денсаулық сақтау статистикасының мәліметі бойынша кейінгі 20 жылда опиоидтың кесірінен жарты миллионға жуық америкалық қайтыс болған. Енді оны қолданатын жасөспірімдер де көбейе түскен. Дәрігерлерді осы мәселе алаңдата бастады.

Трэнд Холл, дәрігер:

– Осы уақытқа дейін жастардың шектен тыс доза қабылдауы тиісті деңгейде қаралмай келді. Сүйегі қатайып, бұғанасы бекімеген балалардың қаза болып жатқанын жылдар бойы өз көзімізбен көріп келеміз, бірақ әрекет аз. Енді мұны кешіктіре беруге болмайды. Себебі АҚШ-та жастар, тіпті кішкентай балалардың өлімі көбейіп барады.

Блумберг агенттігінің болжамы бойынша опиоид эпидемиясы алдағы 7 жылдың ішінде Солтүстік Америка елдеріндегі 1,2 миллион халықтың өмірін қиюы мүмкін. Оның алдын алу үшін мемлекет тарапынан реабилитациялық орталықтар көбірек ашылып, опиоид препараттар өндіретін фармацевтикалық компаниялардың жұмысын қатаң бақылауға алу қажет дейді мамандар.

Авторы: Талғат Алманов