ЕО Ресей газынан бас тартуға күш салмақ

Еуропалық Одақ Ресей газынан тәуелділікті азайту үшін АҚШ-тан сұйытылыған газ жеткізуді арттыра түспек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселе кеше Еуропалық Одақ саммитінде талқыланды. Басқосуға АҚШ президенті Джо Байден де қатысты. Кездесуде ұйым елдері Еуропадағы қоймаларды толтыру ісін қолға алуға келісті. Бірақ Одақ Ресейдің көгілдір отынынан дәл қазір түгелдей бас тарта алмайтынын айтады. 

Александр Де Кро, Бельгия премьер-министрі:

– Санкциялар Еуропадан гөрі Ресейге ықпал етуі керек. Біз өз-өзімізбен соғысып жатқан жоқпыз. Сондықтан бізді әлсірететін шектеулерге бармаймыз. Мұндай шаралардың еуропалық экономикаға кері әсері болады. Осы себепті мұның қажеті жоқ деп ойлаймын.

Еуропалық Одақ Ресейдің өз энергетикалық ресурстарын алға тартып, қысым жасауға жол бермейтінін айтты. Саммит алдында Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен Мәcкеудің Одаққа жеткізілетін көгілдір газ үшін рубльмен есеп айырысу туралы мәлімдемесін санкциялық режимді бұзу деді. Ал Ресей Сыртқы істер министрлігі президент Владимир Путиннің шешімін былай деп түсіндірді.

Мария Захарова, РФ Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы:

Бұл Ресей экономикасы және бүкіл халқымыз үшін үлкен жетістік. Өйткені бізде ұлттық валютамыз бар және оны осындай деңгейге сөзбен емес, іспен жеткізуге болады. Ал кеше тарихи шешім қабылданып, халқымыз оған қолдау білдірді.

Айта кетейік, Еуропалық Одақ табиғи газдың 90 процентін импорттайды. Оның 40 проценті Ресейден тасымалданады. Сондықтан Еуропалық Одақ Ресейдің энергетикалық ресурстарынан бірден бас тарту мәселесінеде қиыншылыққа тап болып отыр.