Ресейлік қуат көздеріне тым тәуелді екеніміз көрініп қалды – Еурокомиссия президенті

Еурокомиссия Еуроодақтың Ресей энергоресурстарынан бас тарту мен жасыл экономикаға көшу бойынша жаңа жоспарын жариялады.

Жаңа жоба бойынша Брюссельге Ресей шикізатына тәуелділіктен арылу үшін 2027 жылға дейін 210 миллиард еуро, ал жасыл экономикаға өту үшін 2030 жылға дейін 300 миллиард еуро бөлу қажет. Бес жылдық жоспар үш бөліктен тұрады. Олар Ресей энергосурстарын өзге елдердің шикізатымен алмастыру, энергияны үнемдеуді арттыру және жасыл энергетикаға көшуді жылдамдату. 

Айта кетейік, Еуропалық Одақ газдың 40, ал мұнайдың  27 процентін Ресейден импорттайды.

Урсула фон дер Ляйен, Еурокомиссия президенті:

- Біз екі мәселемен бетпе-бет келіп отырмыз. Оның бірі климаттың өзгеруі болса, ал екіншісі Ресейдің Украинаға басып кіруі. Соғыс шынымен де осал тұстарымызды айқындап, Ресейдің энергоресурстарына тым тәуелді болып қалғанымызды көрсетті. Біз бұл сын-қатерлерді нақты шаралармен еңсере аламыз деп сенемін.