Түркия Қара теңізге газ құбырын салады

Түркия Қара теңізден табылған табиғи газды келер жылдан бастап тасиды.

Елдің энергетика және табиғи ресурстар министрі Фатих Дөнмездің айтуынша қазір газ құбырының тек 50 шақырымы ғана бітпей тұр. Министр алдағы уақытта Түркия мен Ресей табиғи газ саудасында рубль мен түрік лирасы арқылы есеп айырысатынын жеткізді.

Айта кетерлігі, Қара теңіздегі газ кен орындарында шамамен 540 миллиард текше метр қор бар. Олардың ең ірісі – Сакария кен орыны, оның қоры 400 миллиард текше метрден асады. Осы кен орнын дамытуға Түркия 10 миллиард долларға жуық инвестиция салады. Бұл жерден бастапқы кезеңде тәулігіне 10 миллион текше метрге жуық немесе жылына 3,4-4 миллиард текше метр газ өндіру көзделген.

Фатих Дөнмез, Түркия энергетика және табиғи ресурстар министрі:

- Алып құрылыстарды арнайы кемелер арқылы жеткіздік. Оны су астындағы роботтармен құдықтардың басына орнатамыз. Жұмыс қызып тұр. Газ құбыры дәлізінің аяқталуына 50 шақырым қалды. 2023 жылдың бірінші тоқсанында, наурыз айында біз бұл газды құрлыққа жеткіземіз  деп үміттенеміз.