АҚШ-тағы террорлық шабуылға 21 жыл

Осыдан 21 жыл бұрын Әл-Каида террор ұйымының мүшелері АҚШ жерінде әлемдегі ең ауыр лаңкестік шабуыл ұйымдастырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дүниені дүр сілкіндірген террорлық акті құрбандарын жыл сайын АҚШ-та еске алады. Көптеген америкалық үшін лаңкестердің салған жарасы әлі жазыла қойған жоқ. Вашингтондағы тілшіміз Нұрбек Бекен әлем тарихын өзгерткен террорлық шабуыл туралы айтып берді.

Нұрбек Бекен, тілші:

Иә, жексенбіде Нью-Йорк, Вашингтон, Колумбия және Пенсильвания штатында жүздеген халық терракт құрбандарының құрметіне гүл шоқтарын қояды. Шара барысында алғашқы бір минуттық үнсіздік таңғы сағат 8:46 өтеді. Бұл Американ Эйрлайнс ұшағының Нью-Йорктегі ДСО солтүстік мұнарасына соғылған уақыты. Одан кейін ұшақтың оңтүстік мұнараға, Пентагонга құлаған уақыттарында да үнсіздік жарияланады. 2001 жылы 11 қыркүйектегі террактіден қаза тапқан 3000-ға жуық құрбанды еске алып, есімдері оқылады. Ақ үй таратқан мәлімет бойынша жексенбілік шараға АҚШ президенті Джо Байден қатысады.Естеріңізде болса, сол кездегі АҚШ президенті Джордж Буш бұл лаңкестік әрекетті мектеп оқушыларымен кездеуінде естіп, артынша былай деп мәлімдеме жасайды.

Джордж Буш, АҚШ президенті:

/2001-2009 ж.ж/

– Бүгін бізде ұлттық трагедия. Дүниежүзілік Сауда орталығына екі ұшақ құлады. Бұл біздің мемлекетке жасалған террористік шабуыл.

Америкалықтар арада 21 жыл өтсе де, қыркүйектегі қаралы күнді ұмытқан жоқ. Ұмытпаймыз да дейді.

Иә, ол оқиға әлі менің есімде. Барлығымыз шок алып, шошынып қалдық. Не болғанын түсінбедік. Ойымызға келмеген жан түршігерлік оқиға болып жатты.

Нұрбек Бекен, тілші:

Бұл террактіні Усама Бен Ладен мен «Әл-Каида» мойнына алған соң АҚШ Ауғанстанда ұзақ жылдарға созылған соғысты бастап кетті. Арада он жыл өткен соң, тек 2011 жылы мамырда АҚШ күштері Бен Ладеннің көзін жойды.

Жалпы Нью-Йорктегі мемориалда 1993 жылғы және 2001 жылы 11 қыркүйектегі терракті құрбандарын еске алу шарасы жыл сайын өтеді.