Қазақстан мен Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданы 475 млн доллар болатын оннан аса келісімшартқа қол қойды

Қазақстан мен Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданының кәсіпкерлері жалпы сомасы 475 млн доллар болатын оннан аса келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шара «Қытай-Еуразия» жетінші көрмесінің аясында жүзеге асырылды. Оның шеңберінде Үрімші қаласында екі ел бизнесмендерінің форумы өтті. Шараны еліміздің Бейжіңдегі елшілігі мен "Қазақинвест" компаниясы өкілдігі ұйымдастырды. Құжаттар қазақстандық жеміс-жидек экспорты мен ақылды жылыжай жобасын қамтиды. Ауқымды шараға 130-дан астам бірлестік өкілі қатысты.

Қанат Бектембаев, «Xinjiang Organic Food Import Export CO. LTD» директоры: 

- Бүгінгі таңда Қазақстанның ұлттық павильоны болу арқасында біз алты үлкен қытай компаниясының адамдарымен таныстық, келістік. Баға, көлем бойынша ақылдастық. Бұйыртса, 2022 жылдың оныншы айынан бастап жұмыс бастап кетуге біздің толық мүмкіндік бар. Одан бөлек, біздің қолымызда дайын өнімдеріміз бар. Солардың барлығына өлкеаралық, ауданаралық сататын компаниялармен келісімге келдік. Осындай өте қуанышты жаңалықтарымыз бар. Бұдан кейін кедергілер болған, ол кедергілердің барлығы, яғни кеден тарапынан, тасымал тарапынан болсын ақырын шешіліп жатыр. 

Биыл шараға Еуразия аймағындағы 32 елден 3 мыңға жуық кәсіпорын қатысты. Қазақстан құрметті қонақ ретінде көрмеде ірі павильонын ашты. Тамақ және жеңіл өнеркәсіп саласының өкілдері өзінің 140-тан аса өнімін таныстырды.

Чжан Шуцзюнь, «Қытай-Еуразия» ЭКСПО хатшылығы басшысының орынбасары:

- Қазақстан тарапы негізінен жергілікті халықтың сұранысына ие май, ұн, сусын сынды азық-түлік өнімдерін ұсынды. Олар көрмеге келушілердің көбінің көңілінен шықты. Әріптестік орнатуды қалайтын кәсіпкерлер де көп. Көрме екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізеді деп сенеміз.