БҰҰ Бас Ассамблеясы Ресейдің ұсынысын қолдамады

БҰҰ Бас Ассамблеясы Ресейдің Украинаның 4 аумағына қатысты қарарды жасырын дауысқа салу туралы ұсынысын қолдамады.

Халықаралық ұйым 107 дауыспен мәселені ашық өткізуге келісті. Құжатта халықаралық қауымдастықтан 4 аймақтағы рефрендумды танымау және Украинаның аумақтық тұтастығын қолдау ұсынылған. Бұған 13 мемлекет қарсы шығып, 39 ел қалыс қалды. АҚШ ұсынған қарар жобасы енді осы аптаның аяғында дауысқа салынады. Еске сала кетейік, Ресей 23-27 қыркүйек аралығында Ресей әскерінің бақылауындағы Донбас пен Херсон және Запорожье облыстарында Ресейге қосылу туралы рефрендум өткізіліп, соңынан Мәскеу оларды бектікен болатын.

Сергей Кислица, Украинаның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі:

- Сіздер «жергілікті халықты қорғау» деген сылтаумен көрші елдің аумағын жаулап алдыңыздар. Енді зымырандармен бейбіт тұрғындарды қырып жатырсыздар. Жалған референдумдар Ресейдің Украинаға шабуыл жасауына негіз болып отырғаны түсінікті. Олар – Украина әскерінің Ресей әскері басып алған жерлерді азат ете бастаған соң асығыс қолға алынған шара.

Василий Небензя, Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі: 

- Сіздердің барлығыңыз қазір ғана алаяқтықтың куәсі болдыңыздар. Бұл өте өкінішті. Бізге сөз берілген жоқ. Біздің мәлімдемеміз бұрмаланды. Ал қазіргі әрекет БҰҰ-ға мүше елдердің өз пікірін білдіру құқынан айыру. Ол Халықаралық ұйымның беделін түсіреді. Біз дауыс беру тәртбінің бұзылғанына наразылық білдіреміз.