Испанияда азық-түлік бағасы өсіп барады

Бұл туралы Мемлекеттік тұтынушылар ұйымының зерттеуінде айтылған. 239 өнімнің 95 пайызы қымбаттап кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Испанияда инфляция көлемі тамыз айында он проценттен асып кетті. Бұл соңғы қырық жылда болмаған көрсеткіш. Елде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы құбылып тұр. Мемлекеттік тұтынушылар ұйымының зерттеуіне сүйенсек, Испания азық-түлік қымбатшылығы жағынан Ұлыбританияны басып озды.

Альберто, Барселона қаласының тұрғыны:

Дүкен сөрелерінде бағасы көтерілмеген зат қалмады.

Наурыз айынан бері Испаниядағы сұйық майдың құны 118, қант 70 процентке, маргарин 75 процентке, макарон сияқты ұн өнімдері екі есе қымбаттаған. Жалпы қымбатшылық 239 өнімнің 95 пайызына әсер еткен. Испаниядағы тұтынушылар ұйымының зерттеуіне 80 түрлі сауда желісінде орналасқан 1180 супермаркет қатысқан екен. Бағаның шарықтап кетуіне көктемнен бері үздксіз қымбаттаған электр энергиясы әсер еткен. Соңғы бір аптада елдегі жанармай бағасы да көтеріліп, бензиннің бір литрі екі жарым, ал дизель бірден үш процентке қымбаттады.

Хосе Антонио Визнер, мұнай және газ нарығының сарапшысы:

– Азық түлік бағасына электр энергиясының қымбаттығы тікелей әсер етті. Тек тамыз айында Испаниядағы қуат құны Францияға қарағанда 8, ал Германиямен салыстырғанда 4 есе көтерілген.

Инфляцияға байланысты Испанияда қуат көздерін үнемдеуге қатысты заң күшіне енді.Түнгі сағат 10-нан кейін кеңселерде жарық қосуға тыйым салынды. Билік тұрғындардан тұрмыста мейлінше энергия үнемдейтін жабдықтарды қолдануға шақырып отыр. Қалаларда сәулет ескерткіштерін түнде жарықтандыруға тыйым салынды. Заң бұзғандарға 60 мыңнан 100 миллион еуроға дейін айыппұл  салынады.

 

Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач

Сондай-ақ...