АҚШ-тағы аралық сайлауда тарихи оқиғалар тіркелуі мүмкін

Алғаш рет қара нәсілді екі әйел штат губернаторы атанып, тарихта қалуы ықтимал, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар Джорджия және Айова штатының әкімі атанудан үмітті. Жалпы 50 штаттың 36-сы губернаторын сайлайды. Демократтар Пенсильвания, Висконсен және Мичигандағы ықпалын сақтап қалуға тырысады. Өйткені Америкадағы 28 штатта республикашылар, 22 штатта демократтар отыр. Олардан бөлек халық жергілікті заң шығарушы органдардың депутатын, судьялар мен прокурорларды да сайлады.

Бүгін америкалықтар таң ата өздері тіркелген сайлау учаскелеріне ағылды. Том Айкел аяғы сынғанына қарамастан ертерек келіп, таңдауын жасады. Бұл науқаннан қалыс қалсам, өзімді ыңғайсыз сезінемін. «Халықтың басым бөлігі өзінің дауысы текке кетпегенін қалайды», – дейді. 

Том Айкел, сайлаушы:

- Өзімнің азаматтық борышым деп санаймын. Біз барлығымыз бір қайықтамыз. Елдегі жағдайларға бейжай қарауға болмайды.

Қазірге дейін 46 мл-нан астам адам алдын ала және пошта арқылы дауыс берген. 48 штаттың тұрғыны өз таңдауларын жасап үлгеріп, дауыс санау процесі басталып кетті. Бірақ кейбір өңірлерде уақыт айырмашылығына байланысы дауыс беру енді аяқталады. Оның нәтижесі бойынша АҚШ-тың штаттарында ғана емес, Конгерестің қос палатасына кімнің бақылауы жүретіні белгілі болады. Соңғы 70 жылдағы дерекке сенсек, осындай аралық сайлауда президенттің партиясы Сенатта 4 орынын, өкілдер палатасында 26 мандатты жоғалып отырған. Әрине, оған халықтың президентке деген сенімі де әсер етеді.

Нұрбек Бекен, тілші:

- Қоғамдық пікірді зерттейтін америкалық Гэллап институтының мәліметінше АҚШ президенті Джо Байденнің рейтингі қаңтардағы 57%-тен 42%-ке дейін төмендеген. Демек өкілдер палатасы, тіпті Сенат та республикашылар бақылауына өтуі мүмкін. Электорат та елдегі қымбатшылықтан қажи бастаған.

Майк, сайлаушы:

- Біз бетімен кеткен инфляцияны тежеу үшін бірдеңе істеуіміз керек. Демократтар да, Конгресс те елдің ақшасын еш бақылаусыз шашып жатыр. Жағдайды түзеу керек.

Сью Банбери, сайлаушы:

- Меніңше демократтар бағыты дұрыс. Өйткені қазір олар билік басында және біздің жағайымызды жасауға мүмкіндіктері бар. Оларға бірақ уақыт беруіміз керек.

Жалпы АҚШ-тың сенатында демократтар мен республикашылардың дауысы тең. Бірақ вице-президент Камала Харрис шешуші дауысқа ие. Демек бақылау демократтардың қолында. Дегенмен осы аралық сайлаудың қорытындысы бойынша республикалық партия ықпалын арттыруы мүмкін. Жалпы президент өкілеттігінің ортасында өтетін аралық сайлау, келесі президенттік бәсекесіне дайындық іспеттес.

Нұрбек Бекен, тілші:

- Ал кеше ғана АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп қарашаның 15-і күні маңызды мәлімдеме жасайтынын айтты. Республика партиясынан президенттікке түсетінін жариялауы мүмкін. Ал қазіргі аралық сайлаудың қорытындысы бірнеше күннен кейін тіпті бір аптадан соң шығады. Өйткені кейбір штаттарда халық пошта арқылы таңдау жасады. Оларды санауға біршама уақыт қажет.

Авторы: Нұрбек Бекен

Сондай-ақ...