Вашингтонда белді сарапшылар «Қазақстандағы сайлау: шынайылық пен мүмкіндіктер» тақырыбын талқылады

Алдағы болатын науқанға АҚШ-тағы саяси қауымдастық үлкен назар аударып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Вашингтонда белді сарапшылар бас қосып, «Қазақстандағы сайлау: шынайылық пен мүмкіндіктер» тақырыбын талқылады. Зерттеу институтының ғалымдары, саясаттанушылар елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалап, үлкен мүмкіндіктердің ашылып жатқанын айтады.

Бұл – АҚШ астанасындағы Каспий саяси орталығы. Бүгін мұнда Вашингтондағы белді сарапшылар бас қосты. Жиынның модераторы – Қазақстанға таныс тұлға, АҚШ-тың еліміздегі экс-елшісі Ричард Хогланд. Кәсіби дипломат мемлекетіміздің даму жолына тоқталып, президент сайлауын дұрыс деп бағалады. Әсіресе Қазақстанның әлемдік бейбітшілікке қосқан үлесіне кеңірек тоқталды. 10 мың келі байытылған уран басқа біреулердің қолына түссе, 800-ге дейін ядролық қару жасауға жеткілікті болар еді. Сондықтан жер жиһанның тыныштығына қазақ қосқан үлес зор.

Ричард Хогланд, АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі (2008-2011):

- Қазақстан бірден макроэкономикалық реформаны жүргізе білді. Қазір қаржы секторы шын мәнінде Орталық Европадағы және дүниежүзіндегі басқа мемлекеттермен тең дәрежеде. Яғни жаңа экономикалық модель орнатты. Ең маңыздысы – Америка Құрама Штаттарының ядролық қаруды таратпау бойынша сенімді серіктесі болды.

Вашингтондағы Каспий саяси орталығы – 2016 жылы Орталық Азияны жан-жақты зерттеу үшін ашылған институт. Сондықтан еліміздегі өзгерістер де мұндағы сарапшылар назарында. Әсіресе президент сайлауын жіті бақылап отыр. Америкалық зерттеушілер: «Қазақстан аймақтағы маңызды мемлекет болғандықтан, мұндағы өзгерістер тұтас өңірге әсер етеді», – дейді.

Эфган Нифти, Каспий саяси орталығының атқарушы директоры:

- Өңірде үлкен өзгерістер болып жатқанын көріп отырмыз. Вашингтондағы саяси қауымдастықтың да үнемі назарында. Елдегі үлкен саяси өзгерістерден хабардармыз. Біз Қазақстандағы өзгерістерді бағамдап, жаңалықтарды сараптаймыз.

Гавин Хелф, АҚШ Бейбітшілік институтының Орталық Азия бойынша сарапшысы:

- Президентік мандат туралы айтатын болсақ, оның 7 жыл деп бекітіліп, қайта сайлану құқығының алынып тасталуы үлкен жаңашылдық. Оның қалай болатынын ішкі саясатқа әсерін білу үшін уақыт керек. Бірақ жеті жыл сайын маңызды өзгерістер мен биліктің ауысып отыратыны анық.

Ал New Lines институтының сарапшысы АҚШ-тың Қазақстанмен қарым-қатынасын әлі де тереңдете түсу керегін айтты. Орталық Азияда маңызды орынға ие мемлекетпен азық-түлік, энергетикалық қауіпсіздік, климаттың өзгеруімен күрес сияқты мәселелерде бірлесіп әрекет ету керек. «Байланысты бекемдеу үшін Ресей мен Қытайдан ерекшеленуіміз керек», – дейді. Сарапшылар сайлаудан соң да қайта бас қосып, тың ойларын ортаға салмақ.

Авторы: Нұрбек Бекен