АҚШ Конгресінің өкілдер палатасына спикер сайлау сәтсіз аяқталды
АҚШ Конгресінің өкілдер палатасына спикер сайлау сәтсіз аяқталды. Депутаттар кандидат Кевин Маккартиді толық қолдаған жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».
Осылайша, өкілдер палатасы өз жұмысының бірінші күнінде спикерді сайлай алмады. Бұл 1923 жылдан бергі алғашқы жағдай. АҚШ-тың бұрынғы Президенті Дональд Трамп республикашыларды бірлікке шақырғанына қарамастан кандидат бірауыздан қолдау таппады. Енді спикерді таңдау үшін бірнеше күн тіпті бірнеше апта күту керек.
«Кешелі бері Капитолийде қызу пікірталас. Депутаттар өкілдер палатасының спикерін таңдауда екіге жарылды. Сайлауда көп дауыс алған партияның өкілі спикер міндетіне кіріседі. Негізінен республикашылардың бақылауына өтсе де партияластары Кевин Макартиге қарсы шықты. Үш мәрте өткен таңдауда қажетті дауыс жинай алмады. Бұл лауазымға үміткерді бекітпей Конгрестің төменгі палатасының жаңа құрамы жұмысқа кірісе алмайды. Президент Джо Байден бұл текетірес ел үшін жағымсыз әсер ететінін айтып, заң шығарушылар тезірек бір шешімге келетініне үміт білдірді.
Джо Байден, АҚШ президенті:
- Спикер үшін талас-тартысқа келсек, бұл менің проблемам емес. Менің ойымша, олардың бір-бірімен осынша уақыт дауласуы – ұят. Біз біріге аламыз ба әлде жоқ па? Бүкіл әлем соны қадағалап, бізге көз тігіп отыр.
Спикерлікке сайлану үшін кемінде 218 дауыс жинау керек. Конгресстің төменгі палатасының қазіргі құрамында 212 демократ, 222 республикашыл бар. Кешеден бері депутаттар бір шешімге келе алмай, бұдан шығудың жолдарын қарастырып жатыр.
Кевин Маккартидің кандидатурасына қарсы болған партияластары ешқандай ымыраға келмейтіндерін ашық айтты. Олар спикердің қызметін бақылап, заң жобаларына дауыс бергенде көбірек ықпал етуге мүмкіндік беретін ережені қалап отыр. Естеріңізге салайын, Конгрестегі Өкілдер палатасының спикері қызметін демократ Нэнси Пелоси 2007-2013 және 2019-2023 жылдың 3 қаңтарына дейін атқарды.
Авторы: Нұрбек Бекен.