Қырғызстанда аязға қамдану жұмыстары жүріп жатыр
Қырғызстанда да аяз 38 градусқа дейін баратын түрі бар.
Төтенше жағдайлар қызметі азамттарын қысқы демалыста саяхаттауды шектеуді, әсіресе таулы аймақтарға бармауды ескертті. Бұл осында жиі келетін қазақстандықтарға да қатысты.
Кәрі құда Қырғызстанды да әлекке салмақ. Синоптиктердің болжауынша бірқатар өңірде қар аралас жауын жауады. Қазірдің өзінде таулы аймақтарда аяз күшейіп, минус 38 градусты көрсетіп тұр. Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға ескерту жасап жатыр.
Ұлық Атабеков, Төтенше жағдайлар қызметінің аға диспечері:
- Қатты аязға байланысты тұрғындарды таулы аймақтарға бармауға шақырамыз. Қажеттілік болмаса, сыртта ұзақ уақыт жүрмеген абзал.
Энергетиктер де тұрғындарды электр құрылғыларды пайдалануды шектеуге шақырады. Есесіне көмір мен газды тұтыну көлемі артуы мүмкін. Сарапшылар бұл экологияға кесірін тигізеді деп алаңдайды. Үнемдеу мақсатында білім ордаларында қысқы демалыс мерзімі ұзартылды.
Гүлшан Әбділдаева, Қырғызстанның Білім министрлігі басқармасының бас маманы:
- Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрлігінің және Төтенше жағдайлар қызметінің нұсқауымен, мектептептерде қысқы демалыс мерзімі ұзартылды. Каникул қаңтардың 16-на дейін жалғасады. Бұған тұмау мен ковид жұқтырғандар санының өсуі себеп.
Көлік және коммуникация министрлгі болса, қатты жауын-шашынға байланысты көлік жүргізушілерін қаңтардың 9 мен 13 аралығында алыс жолға және таулы аймақтарға бармауға шақырады. Мамандардың болжамы бойынша, жауын-шашын салдарынан елде көктайғақ болып, қар көшкіні жүруі мүмкін.