Бразилияда мыңдаған адам мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды
Бразилияда мыңдаған адам билікке қарсы шығып, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды.
Елдегі тәртіпсіздіктерге не себеп? Наразы топтың талабы не?
Былтырғы сайлауда жеңілген экс-президент Жаир Болсонарудың мыңдаған жақтасы жексенбіде үкіметтік ғимараттарды шабуылдады. Наразы топ Ұлттық конгресс пен Президенттік сарайға басып кірді. Ал мынау - Жоғарғы сот ғимараты. Ашуға булыққан жұрт оны да тас талқан етті.
Тәртіпсіздіктер бірнеше сағатқа жалғасты. Кешке таман күштік құрылым өкілдері үш ғимараттағы жағдайды өз бақылауына алды. Соңғы мәлімет бойынша, бір жарым мың адам тұтқындалған. Олар президент сайлауының нәтижесімен келіспей, биліктің ауысқанын талап етті. Бір апта бұрын ғана Лула да Силваның ұлықтау рәсімі өткен.
Лула Да Силва, Бразилия Президенті:
- Кінәлілер жауапқа тартылады. Әрине демократия тұрғындарға өз ойын еркін жеткізеуге мүмкіндік береді. Алайда жұрт осы демократияны нығайту бағытталған институттарды құрметтеуі қажет.
Президент сайлауы былтыр күзде өткен еді. Оның нәтижесі жария етілмей жатып-ақ сарапшылар Болсонару жақтастары онымен келіспейтінін болжаған. Жеңілген экс-басшы заңға бағынатынын айтып, билікті бейбіт жолмен беруге келіскен. Жақында Жаир Болсонару АҚШ-қа ұшып кеткен. Негізі сарапшылар Бразилиядағы оқиғалар мен 2021-ші жылы АҚШ-та болған тәртіпсіздіктер арасында көп ұқсастық барын айтады. Екі жыл бұрын 6-шы қаңтарда Вашингтонда сайлауда жеңілген Дональд Трамп жақтастары Капитолийді басып алған еді.
Николас Риккарди, сарапшы:
- Расымен 6-шы қаңтарда Капитолийге жасалған шабуыл мен Бразилиядағы жексенбіде болған оқиғалар арасында көп ұқсастық бар. Ол кезде де мыңдаған адам әлеуметтік желідегі жалған мәлімдемелерге сеніп, тәртіпсіздіктерге жол берді. Десе де екі елдегі ахуал екі түрлі екенін ұмытпайық. Бразилия дамушы мемлекет. АҚШ-пен салыстырғанда, билікке көңілі толмайтындар қатары да әлдеқайда көп. Оның үстіне Бразилияның жаңадан сайланған президенті бұрын жемқорлық бойынша сотталғанын да ұмытпау керек. АҚШ-та ондай проблема жоқ.
Тәрітпсіздіктерден кейін Бразилияда төтенше жағдай енгізілген. Елдің Әділет министрі жексенбідегі оқиғаларды лаңкестік әрекетке бағалап, тәртіпсіздік қатысушыларын «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды», - деп айыптады.