Қытайда коронавирус өршіп тұр
Кейінгі күндері Қытайдағы коронавирусқа қатысты ахуал әлемнің біраз елін мазалап отыр.
Індеттің кезекті толқынынан үрейленген бірқатар мемлекет қауіпсіздік шараларын күшейтуге мәжбүр. ПТР-тест талап етіп, виза беру тоқтатылған жағдайлар да бар.
Қытайды коронавирус жайпап жатыр. Ресми мәліметтерге сәйкес, тек Хэнань провинциясының өзінде халықтың 90 пайызы дерлік вирус жұқтырған. Аймақтағы шенеуніктер хабарлағандай, науқастардың саны шамамен 90 млн адамды құрайды. Басым бөлігі инфекцияны жақында ғана жұқтырғандар. Бір қызығы, өңірдегі шенеуніктердің дерегі орталық билік жариялаған статистикадан өзгеше болып тұр. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметімен де сәйкес келмейді. Журналистер бұл мемлекеттің бұрын-соңды болмаған жағдайға тап болғанын, күн сайын миллиондаған азаматқа коронавирус жұғып жатқанын жазып жатыр. Тіпті вирустан қайтыс болғандарды қабылдайтын крематорийлерде орын қалмағаны туралы хабар таратылды. Бірақ соған қарамастан, ресми Бейжің елдегі «нөлдік ковид» саясаты жойылғалы небәрі 120 мың адамның вирус жұқтырғанын жеткізді. 30 адам көз жұмған. Мұндай ахуалға алаңдаған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осыдан кейін Қытайдан індет туралы нақты мәліметпен бөлісуді сұрады. Әлемнің бірқатар мемлекеті де эпидемиялық жағдай жайлы тұщымды дерек беруге шақырды. Өйткені жұрт жаппай инфекция жұқтырып жатқанда, вирустың жаңа нұсқалары пайда болып, басқа елдерге тарала ма деген алаңдаушылық барын жеткізді.
Тим Макфи, Еурокомиссияның ресми өкілі:
- Қытайдағы ахуалға байланысты қырағы болуымыз керек. Ол жақтан төнген қауіп-қатерді алдын ала анықтап, оларға қарсы тез әрекет етуге дайын болуымыз қажет. Осы ретте Еурокомиссия Қытайдан келетін жолаушыларды бақылап, ұшақтарда бетперде тағу, ондағы кәріз жүйесін қадағалу сияқты шараларды ұсынып отыр. Ол жақтан келетін азаматтардың ұшаққа отырмас бұрын ПТР-тест тапсыру мәселесін талқылауға шақырамыз. Біздің ұсыныстарымызды ЕуроОдақтың көп елі қолдап отыр.
Сөйтіп кәрі құрлықтың бірқатар мемлекеті сақтық шараларын қабылдауға көшті. Бірақ Бейжің бұл шаралардың ғылым тұрғысынан негізсіз екенін алға тартып, жағдайды саясиландырмауға шақырып отыр. Қажет болса, аталған мемлекеттерге қарымта шара қолданатынын мәлімдеді.
Ван Вэнбинь, Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі:
- Өкінішке қарай, бірқатар мемлекет өздеріндегі эпидахуалға қатысты жағдайды елемей, Қытай қарсы дискриминациялық шектеу қоюға тырысып бағуда. Бейжің бұған үзілді-кесілді қарсы. Біз нақты деректерге сүйенуге, саяси манипуляциядан аулақ болуға, елдер арасындағы ынтымақтастықты бұзбауға шақырамыз.
Оңтүстік Кореяда қытайлық туристерге талап күшейді
Сеул де тақауда Қытайдан келген саяхатшылардан коронавирусқа қатысты тест нәтижесін талап ете бастады. Бұдан бөлек, қаңтардың соңына дейін қытайлықтарға қысқа мерзімді виза беру де шектелді. Билік өкілдерінің айтуынша, мұндай шара қабылдауға қазір толық негіз бар.
Лим Су-Сук, Оңтүстік Корея Сыртқы істер министрілігінің өкілі:
- Біздің үкімет дипломатиялық каналдар арқылы Қытай тарапына өз ұстанымымызды жеткізіп жатыр. Оңтүстік Кореяның осы елден келетін саяхатшыларға қатысты қабылданған күшейтілген карантиндік шаралары қабылдау ғылыми және объективті дәлелдерге негізделген.
Сеулдің бұл әрекеті жауапсыз қалмады. Бейжің де оңтүстіккореялықтарға туристік және іскерлік виза беруді тоқтатты. Бұл тыйым оңтүстік кореяның қытайлықтарға қатысты дискриминациялық шарасы күшін жоймайынша жалғасатынын жеткізді.
Осы жерде бір айта кетерлігі, бүгін Қазақстан мен Қытай шекарасындағы «Қорғас» бекетінің жұмысы қайта жанданды. Алғашқы жұмыс күнінде көрші елден 100-ден аса адам өтті. Бұл екі ел арасындағы ең үлкен шекара бекеті. Ол Қытайда ковидке қарсы шектеулер алынып тасталған соң ашылып отыр. Енді жолаушылар соңғы 48 сағатта тапсырған ПТР-тест нәтижесін көрсетуі тиіс. Шекарадан негізінен туған-туыс, дос-жарандарымен кездесіп, іскери келіссөздер жүргізуді мақсат еткен адамдар өтіп жатыр. Жалпы, Қазақстанның Оңтүстік Корея секілді бұл мәселеде алаңдайтыны бар. Өйткені елімізде онсызда рреспираторлық вирус өршіп тұрғанда, көрші елдерде де жағдай мәз болмай тұр. Қытайдан бөлек, Ресейдегі жағдай да қазір қиындау. Коронавирус жұқтыру бойынша өсім байқалады. Кейінгі тәулікте науқастарға саны 3 мыңға артып, 47 адам қайтыс болған. Жедел штаб келтірген мәлімет бойынша елдің 58 субъектісінде ауруханаға түскендер саны артқан.
АҚШ-та респираторлық инфекциялар өршуі мүмкін
Енді мұхиттың арғы бетіне ауыссақ. АҚШ-та да тақауда тридемия дерті белең алған болатын. Бірақ жыл соңына қарай оның таралу қарқыны бәсеңдей бастады. Соған қарамастан, кей сарапшылар әлі де босаңсуға болмайтынын айтады. Өйткені биыл тұмау, COVID пен басқа да респираторлық вирустардың таралуы жоғары болады дейді олар. Әр инфекцияның жанама әсері де ұзаққа созылатын көрінеді. Жалпы, мамандардың айтуынша, биылғы қыс азаматтар үшін қиын болғалы тұр. Себебі ауа райы респираторлық инфекциялардың кеңінен таралуына түрткі болып тұр екен. Дәл қазір осыған қатысты пікір білдірген америкалық маманның сөзіне құлақ салайықшы.
Коул Билер, инфекционист:
- Суық ауа райы адам ағзасының инфекциялардан қорғану қабілетіне қаншалықты әсер етеді. Қазір осы мәселені жіті зерттеп жатырмыз. біздің пайымымызша, 2023 жылы барлық вирус бір уақытта өрши түседі. Ал одан сақтанудың бірден бір жолы – адам көп шоғырланатын жерлерден аулақ жүру. Бетперде тағып, екпе салдыру маңызды. Егер ауырып қалсаңыз, үйде қалған абзал.