ЕО мен НАТО инфрақұрылымды қорғайтын арнайы топ құруды қолға алды
Еуропалық Одақ пен НАТО осы ұйымдарға мүше елдердің маңызды инфрақұрылымдарын бірлесіп қорғайтын арнайы топ құруды қолға алды. Бұл туралы Брюссельде Еурокомиссия басшысы Урсула Фон дер Ляйен мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа құрылым қос одақтың көлік, энергетика, цифрлық және ғарыш инфрақұрылымдарын бақылап, қорғаумен айналысады. Мұндай топты құру туралы бастама былтыр "Солтүстік ағыс" газ құбырына қастық әрекеттер жасалған соң көтерілген. Еске сала кетейік, өткен жылдың қыркүйек айында осы газ құбырында бірнеше жарылыс болды. Дания, Германия және Швецияда оқиғаларға байланысты тергеу әлі жүріп жатыр.
Урсула Фон Дер Ляйен, Еурокомиссия президенті:
- Бұл Еуропалық Одақ пен НАТО мамандары бірлесіп жұмыс істейтін алғашқы топ болғалы тұр. Олар маңызды инфрақұрылымдарға төнетін қауіп-қатерлер мен стратегиялық олқы тұстарымызды анықтаумен айналысады. Бұл істің маңызды бір бөлігі бірлескен күштер құру болмақ. Сонымен қатар біз Еуропада мықты әскери өндірісті дамытуға көп көңіл бөлуіміз қажет.