Достық мемлекетаралық каналы арқылы елімізге жіберілетін су мөлшері белгіленді
Биыл Достық мемлекетаралық каналы арқылы елімізге жіберілетін су мөлшері 452 млн текше метр шамасында белгіленді.
Бұл - вегетациялық кезеңге дейінгі көрсеткіш. Сәуірден бастап жаңа келісімдер болады. Ал Шардараға 10 млрд 700 миллион текше метрден астам тіршілік нәрі жинақталады. Орталық Азия елдері Сырдария мен Әмударияға қатысты ортақ норманы бекітті. Гидрологтардың айтуынша, Сырдария бассейнінде экологиялық ахуал қолайлы. Таудағы жауын-шашын мөлшері көп. Қар әдеттегіден қалың. Сондықтан көктемге қарай тіршілік нәрі мол болуға тиіс. «Тоқтағұлда да су деңгейі жоғары», - дейді мамандар.
Мереке Иманғалиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі:
- Алдымыздағы вегетация кезеңі барысында су тапшылығын алдын алу мақсатында Қазақстан мен Өзбекстан Қырғыз Республикасынан су мен электр қуатын айырбастау жүйесі бойынша жұмыс атқаруда. Бүгінгі күннің мәліметі бойынша Қазақстандағы Шардара су қоймасында 4 млрд 70 млн текше метр су жинақталған. Қазіргі уақытта Тоқтағұл су қоймасында шамамен 10 млрд 700 млн текше метр су жиналған.