Туризм түлеп келеді
Қытайда Ай Күнтізбесі бойынша Жаңа жыл тойланып жатыр. Меркені жергілікті тұрғындармен қатар шетелдік кәсіпкерлер асыға күтті. Өйткені демалыста саяхатшылар саны көбейеді. Әсіресе Бали аралы мен Таиландқа сұраныс артты.
Мынау – Макао. Қытайдың арнайы әкімшілік ауданы. Құмар ойындардың әлемдік отаны. Коронавирус кесірінен мұнда ойынханалардың есігіне қара құлып салынған. Бірақ қазір ине шаншар орын жоқ. Қытай Жаңа Жылына орай саяхаттап жүрген кісі қарасы қалың. Коронавирусты тек жұрттың бетіндегі маска ғана еске салады. Дүйсенбіде Макаоға сырттан 71 мың адам барыпты. Бұл – пандемия басталғалы 1 күнде тіркелген ең үлкен көрсеткіш. Жаңа жыл кезінде ел ішінде 2 млрд-тан аса саяхат жасалады деген болжам бар. Бұл былтырмен салыстырғанда 2 есе көп.
Ли Цян, сатушы:
- Былтыр табысымыз аз болды. Коронавирус кесірінен көп кәсіпкер шығынға батты. Олар қызметкерлерін ақысыз демалысқа жіберіп, айлап жұмыс істемеді. Бірақ бәріміздің бала-шағамыз, несиеміз бар дегендей. Сондықтан биылан үміт көп.
София Онг, мейрамхана иесі:
- Туристер келіп жатыр. Бұған дейінгі шығындарды өтеп, кәсіпті толық қалпына келтіруге әлі аздау. Бұл үшін кемі жарты жыл керек сияқты. Вирус өршіген тұста біз 5 айға дейін жұмыс істеген жоқпыз. Карантин кезінде қызметкерлріңіміздің біразын қысқарттық. Бұл оңай болмады.
Ал мынау – Индонезияның Бали аралы. Туристердің сүйікті орны. Қытай азаматтары да мұнда демалғанды ұнатады. Коронавирусқа байланысты 3 жылдық үзілістен кейін аралға Қытай саяхатшылары мінген алғашқы ұшақ қонды. Бұған жергілікті кәсіпкерлер мәз. Өйткені 2019 жылы Индонезияға 2 млн қытайлық турист барыпты. Бұл елге демалуға келген шетелдіктердің 13%-і.
Баба Сандико Гунаван, мейрамхана иесі:
- Біз жіті дайындалдық. Қытайлық туристерге ұнасын деп ішкі безендіруді өзгерттік. Мәзірде олардың сүйікті тағамдарын көбейттік. Қытай тілінде сөйлетін қызметкерлерді жұмысқа алдық.
Таиландтың туризм секторы өкілдерінің де биылдан үміті зор. Биыл шетелдіктер үшін вакциналау сертифиткаты туралы талапты алып тастады. Енді жыл соңына дейін 25 млн демалушы барады деген болжам бар. Былтырғы көрсеткіш 2 есе аз болған. Бірақ билік оның өзі жақсы екенін айтады.
Азиядан бөлек биыл өзге өңірлерге қатысты көңіл көншітерлік болжамдар жасалып отыр. БҰҰ-ның өкілдері 2023 жылы Еуропа мен Таяу Шығыстағы туристік белсенділік пандемияға дейінгі көрсеткіштерге қайта оралуы мүмкін дейді. Олар былтырдан бері саладағы жағдай оңалып келе жатқанын айтады. Сөйтіп, өткен жылы 900 млн адам халықаралық саяхат жасапты. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2 есе көп.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева.