Германия астанасында барлық әуе рейсі тоқтады

Бұл шешімге ауа райының қолайсыздығы емес, қызметкерлердің ереуілі себеп болып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әуежайдың 6 мыңға жуық қызметкері өз міндетін орындаудан бас тартты.

Әдетте құмырсқаның илеуіндей тіршілігі қайнап жататын Берлиндегі әуежай бүгін қаңырап бос тұр. Жұмысшы да, жолаушы да жоқ. Қызметкерлердің ереуілі салдарынан бүгін ұшуы тиіс 300-ден астам рейс тоқтады. Ұшып келе жатқан әуе кемелерінің бәрі дерлік Дрезден мен Лейпциг әуежайларына бағытталды. Әуре-сарсаңға түскен 35 мыңға жуық жолаушыға ұшу күнін өзгертуге немесе пойызды пайдалануға кеңесі берілді. Бұл көпшіліктің ашуын тудырды.

Джозеф, жолаушы:

- Біз бүгін Анталияда демалыстың алғашқы күнін өткізіп, рахаттанып жатуымыз керек еді. Англиядан Португалияға бет алдық. Анталияға Берлин арқылы жетуіміз керек болатын. Бұл жерде ереуіл болып жатқанын білген де жоқпыз. Енді осында түнеп, жоспарымызды өзгертуге мәжбүрміз.

Патриша, жолаушы:

- Онлайн тіркеуден өткен соң біздің рейс тоқтатылды. Авиакомпания ешқандай ескерту я хабарлама жіберген жоқ. Енді ертеңге билетті қайта сатып алып, 12 сағаттан аса кешігіп ұшпақпыз.

Ал ереуілді ұйымдастырған – Верди кәсіподағы. Жұмысқа шықпай, қыр көрсеткен 6 мыңға жуық қызметкер жалақыны 500 еуроға көбейтуді және еңбек келісімшартындағы кейбір ережені қайта қарауды талап етіп отыр. Олардың айтуынша, әуежай қызметкерлерінің еңбек жағдайы нашар.

Холгер Реслер, кәсіподақ өкілі:

- Күзетшілер, тіркеуді жүргізетін қызметкерлер, сондай-ақ багажды тасымалдаушылар мен өрт сөндірушілер ереуілге шықты. Жолаушыларға қолайсыздық тудырғымыз келген жоқ. Біздің мақсатымыз – талап, тілегімізді басшылыққа жеткізу. Оның үстіне біз әуе компанияларға жолаушыларға хабар берсін деген ниетпен ереуілге шығатынымызды алдын ала ескерттік. Жұмыс шарты жақсармайынша біз өз дегенімізден қайтпаймыз!

Жоспар бойынша әуежай қызметкерлерінің ереуілі тура 1 тәулікке созылады. Демек ертең әуе айлағы қайтадан іске қосылады. Алайда әуежай басшылығы мен кәсіподақ бітімге келмей, жаңа ереуілдер легі қайталана беретіні анық.

Авторлары: Сымбат Ғалымжанқызы, Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский.