Азияда аяз күшейді
Ауғанстанда күннің суығынан 170-ке жуық адам қайтыс болды. Жапонияда да ауа райының қолайсыздығынан көз жұмғандар бар. Пәкістанда аномальды аязға тұрғындардың үйі шыдас бермей жатыр. Ал Оңтүстік Кореяда күннің күрт суытуымен қатар жылу мен электр энергиясының бағасы күрт өскен.
Аяздан жүздеген адам көз жұмды
Ауғанстанда сары аяз сақылдап тұр. Тұрғындар күннің былай суытпағанына біраз болды дейді. Көбі бұған дайын болмаса керек. Салдарынан кейінгі 2 аптада аяздан 170-ке жуық адам көз жұмды. Марқұмдардың дені – ауылды аймақ тұрғындары мен малшылар. Олар дер кезінде медициналық көмек ала алмаған. Қалың қар түсіп, кейбір өңірге қатынау мүмкін болмай тұр. Тіпті кей тұрғындар жолда қалып қойып, көз жұмды. Аяздан 70 мың бас мал қырылып қалған. Қазір елдегі жағдай онсыз да қиын. Ал ауа райының қолайсыздығы жағдайды тіптен ушықтырып жіберді. Өйткені үйді жылытатын отын мен жылы киім-кешек керек боп жатыр. Жұрт биліктен көмек жоғын айтып налиды.
Климаттың өзгеруінің салдары
Азиядағы тағы бір – ел Пәкістанда да аномальды аяз. Мамандар бұл климаттың өзгеруінің салдары екенін айтады. Сөйтіп, Белуджистан провинцясында кейінгі 16 жылда болмаған ең төмен температура тіркелген. Жылыға үйреніп қалған тұрғындардың баспанасы мұндай аязға шыдас бермей жатыр. Жұрт амалып жасап, үйлерін ағашпен жылытуға кіріскен. Олар биліктен ең қажетті тауарлармен қамтамасыз етуді талап етеді. Оның үстіне үйлеріне газ жүргізіп беруді сұрап, ереуілге шыққан.
Қалың қар түсті
Осы Пәкістанмен көршілес Үндістанда да табиғат тосын мінез танытты. Солтүстік өңірлерде жарты метрден асатын қар жауып, көлік қозғалысы қиындады. Электр тарату желілері зақымданған.
Қардың қалыңдығы бір метрге жуықтайды
Жапонияда да қалып қар түсті. Салдарынан әуе рейстері кейінге шегерілді. Теміржол қатынасы іркіліспен жұмыс істеп тұр. Біраз жол жабылған. Күннің күрт суытынан 3 адам қайтыс болды. Окаяма префектурасында жауған қардың қалыңдығы бір метрге жуықтайды.
Жылу қымбаттады
Оңтүстік Кореяда ауа температурасы минус 25 градусқа дейін төмендеген. Оның үстіне қалың қар түскен. Жығылғанға жұдырық демекші, тұрғындар жылу мен электр энергиясының қымбаттағанын айтады. Былтырмен салыстырғанда, баға 50%-ке өскен.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева