Қырғыз-өзбек шекарасы толық бекітілді
Қырғыз-өзбек шекарасын бекіту процесі аяқталды. Бүгін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің Қырғызстанға мемлекеттік сапары барысында екі республиканың басшылары ратификациялау грамоталарымен алмасты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Құжатқа сәйкес ұзындығы 302 шақырым болатын бірлескен шекараның нақты сызығы анықталды.
Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы шекараның жалпы ұзындығы – 1 314 шақырым. Оның басым бөлігі бекітілген. Алайда екі елдің ортасындағы 302 шақырым 290 метрге созылған жер құжатқа нақты енбеген еді. Көршілес екі ел басшылары кездесіп, 30 жылдан аса талқыланып келе жатқан 35 даулы аймаққа қатысты мәселеге бүгін нүкте қойды. Белгілі болғаны, Андижан су қоймасының 5 мың гектарға жуық аумағы және бөгетке қызмет көрсету мен күзету үшін қосымша 19,5 гектар жер Өзбекстанның қарамағына өтетін болды.
Шавкат Мирзиеев, Өзбекстан президенті:
- Бұл – бейбітшілік пен тыныштық кепілі. Бүгінгі құбылмалы әлемде дұрыс шешім қабылдадық. Құрметті Қырғызстан президентімен бірге қиын мәселені саяси еріктің арқасында шештік. 30 жылдық тарихымызда алғаш осы күрделі, қиын, шешілмейтін мәселенің оң шешімін таптық.
Өз кезегінде Қырғызстанға өтемақы ретінде мың гектардан астам жайылымдық жер беріледі. Сонымен қатар Өзбекстанның толық бақылауындағы Кемпір-Абад су қоймасына қатысты суды пайдалану жөніндегі бірлескен орган құрылады. Жасанды су қоймасының көмегімен бүкіл Ферғана алқабы суарылатын. Енді жаңа келісім бойынша қоймадағы су деңгейін 900 метрден жоғары көтеруге тыйым салынды. Себебі қырғыз фермерлері жағалаудағы аумақты ауылшаруашылық мақсатта пайдаланады.
Садыр Жапаров, Қырғызстан президенті:
- Қырғызстан мен Өзбекстан шекараны делимитациялау процесін аяқтады, қырғыз-өзбек шекарасы туралы шартқа ратификациялау грамоталарымен алмасты. Осылайша, шекара мәселесіне нүкте қойды. Бұл бауырластық қатынасты одан әрі дамытуда шешуші рөл атқаратынына сенімдімін.
Айта кетерлігі, даулы аймақтың көбі қырғыз тарапының меншігіне берілді. Оның қатарында этникалық өзбектер мекендеген әйгілі Сох анклавы да бар. Ресми Бішкек бұл аймаққа өзбек азаматтарына айди карта арқылы шекарадан өтуге мүмкіндік береміз, - деп уәде берді. Ал тағы бір маңызды Барак аймағы Өзбекстанға қосылды. Қырғыз билігінің мәлімдеуінше, бұл аймақтан Отанына оралғысы келетін азаматтарға мемлекет тарапынан үй беріледі.
Авторлары: Сымбат Ғалымжанқызы, Бақыт Чермашев.