Грузия тұрғындарының бұралқы иттерден мазасы қашты
Грузияда көшелерінде бұралқы ит көп.
Еуропаның бір де бір қаласында дәл Тбилисидегідей салпаңқұлақтар қаптап жүрмейді.
Жергілікті жануарларды бақылау агенттігі олардың санын заңмен шектеу керек деп есептейді. Себебі қаңғыбас иттер адам қаба бастаған.
Грузияда бұралқы иттерді өлтірмейді. Тек вакцина салып, чип тағып, көшеге қайта жібереді. Қалада олардың жүрмейтін жері жоқ. Салпаңқұлақтарды мейрамхана, саябақ, тіпті балалардың ойын алаңынан да көре аласыз. Кейінгі кезде құтырған иттер тұрғындардың жүйкесіне тие бастады.
Нино Зедгенидзе, Тбилиси тұрғыны:
- Балам екеуіміз мектептен келе жатқан кезде құтырған ит ұлыма тап берді. Қолымда сөмке болмағанда талап тастайтын еді. Көшеде балалар емін-еркін жүре алмайды. Әлеуметтік желіде иттерді азайту керек деп жаздым. Оқыған адамдардың 98 пайызы қолдап жатыр.
Пикрия Пицхелаури, Тбилиси тұрғыны:
- Иттер мазамызды әбден алып бітті. Санын азайтуды тез арада қолға алғанымыз дұрыс. Әйтпесе өмірімізге қауіпті.
Тбилисидегі қаңғыбас иттерді соңғы рет 8 жыл бұрын санаған. Сол кездегі саны 43 мыңға жуық болатын. Мамандар қазір салпаңқұлақтар бұдан 1 жарым есе көп деп топшылайды.
Георгий Кобаивили, жануарларды бақылау агенттігінің директоры:
- Үкіметке иттердің санын шектеуге қатысты заң жобасын енгізгелі жатырмыз. Ит ұстайтын адамдардың жауапкершілігін арттыруымыз керек. Сондай-ақ көшедегі бұралқы иттердің санын едәуір шектеуіміз қажет.
Билік биыл бұралқы иттерді қайтадан санайды. Содан кейін әр әкімшілікке олардың санын шектеп ұстау жауапкершілігі жүктелмек.
Юлия Тужилкина