АҚШ-тың мемлекеттік қызметкерлері TikTok-ты 30 күн ішінде өшіруі тиіс

Ақ үй АҚШ-тың барлық мемлекеттік қызметкерлеріне TikTok қосымшасын өшіруге 30 күн берді. Соңғы бірнеше айда АҚШ, Европа және Канаданың заң шығарушы органдары белсенді түрде TikTok қосымшасына тыйым салуға күш салып жатыр. Басты мәселе – қауіпсіздік. Қытайлық, ByteDance компаниясына қарайтын қосымша әлем бойынша өте танымал. Бірақ пайдаланушы туралы деректердің сақталуы күмән тудырып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нұрбек Бекен, тілші:

- АҚШ, Канада және Еуропалық Одақтың атқарушы органдары мемлекеттік мекемеге тиесілі компьютер, смартфондарда TikTok пайдалануға тыйым салды. Осы аптада АҚШ Конгресінің төменгі палатасы бүкіл ел аумағында қытайлық қосымшаны тоқтататын Заң жобасын мақұлдады. Өкілдер палатасының Сыртқы істер комитеті президент Джо Байденге платформаға толығымен тыйым салуға құқық беретін құжатты қабылдап отыр. Бір қызығы, бұған дейін Дональд Трамп әкімшілігі де қытайлық қосымшаны жаппақ болып бірнеше мәрте әрекеттенген. Бірақ ол шешімді соттар тоқтатқан болатын. Сарапшылар ерте ме, кеш пе, қоғам бұл мәселені талқылап, түбегейлі шешу керек деп есептейді. Бірнеше жылдан кейін адамдардың санасы өзгеріп, өздері туралы деректерді ашық таратқан неткен аңғал уақыт болғанын мойындауы да мүмкін дейді.

Антон Дабура, Дж. Хопкинс университетіне қарасты ақпараттық қауіпсіздік институтының директоры:

 

- Көптеген азаматтар үшін оның еш зияны жоқ болып көрінуі мүмкін. Сондықтан жұрт «мені аңдитындай ештеңе істеп жатқан жоқпын, мен атом электрстанциясында қызмет етпеймін ғой» деп жатады. Бірақ шетелдік дүние, әсіресе қытайлар өзіміз туралы қалдырған нан қоқымындай болсын деректерді өз мүдделеріне пайдалануы мүмкін. Шет елдің үкіметі мені не қылсын деп ойламау керек.

Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі сарапшы АҚШ туралы маңызды мәліметтер тек атом электр станциясы немесе әскери қондырғылармен шектелмейді дейді. Тамақ өнеркәсібі, қаржы индустриясы, университтер сияқты түрлі салаларда да кибер қауіпсіздікті сақтау аса маңызды деп отыр. АҚШ Тиктокты басқарушы ByteDance компаниясы пайдалаушылар туралы деректерді береді әрі қытайлық мақсаттағы үгіт жүргізіп, жалған ақпарат таратуы мүмкін деп сақтанады. Ал ресми Бейжің Америка сияқты супердержаваның смартфон қосымшасынан соншалықты қауіпті санағаны мемлекеттің сенімсіздігін көрсетеді деп мәлімдеді. Жалпы, бұл теке-тірестер батыстық бірнеше технологиялық компаниялардың деректерді жинауы мен сақтауын реттейтін Қытайдың құпиялық жөніндегі Заңы қабылданған кезде басталып отыр.

Авторы: Нұрбек Бекен.