Германияда энергетикалық сусындардың құрамы қадағаланады
Әлемде жыл сайын шамамен 5 млрд литр энергетикалық сусын ішіледі. Ал Германияда оны пайдаланушылар қарасы өте көп, деп хабарлайды «Хабар 24».
Елде энергетикалық сусынды сатып алуда жас ерекшелігіне қатысты шектеу жоқ. Бірақ дүкен қожайындары оны өздері енгізе алады. Мысалы, «Реве» сауда желісінде жасы 16-ға толмаған азаматқа энергетикалық сусын сатылмайды. Жалпы, Германияда оларды сатуға тыйым жоқ. Бірақ заң бойынша құрамындағы кофеин мен тағы басқа қоспалардың мөлшері қадағаланып отырады. Ал неміс ғалымдары мұндай сусынды шамадан тыс көп ішу денсаулыққа зиян дейді. Зерттеуге қарағанда одан адамның ұйқысы бұзылып, салмақ қосып, жүрек-қан тамыры жүйесіне кері әсер етеді.
Алекс, Берлин тұрғыны:
- Мен энергеткиалық сусындарды анда-санда сатып аламын. Көбіне жұмысқа асығып кофе дайындай алмағанда немесе күн ыстық болған кезде ішемін. Германияда олардың түрлері көп. Кей дүкендерде жас мөлшеріне қарай шектеу бар. Жастар оларды көп ішпесін деп енгізілісе керек. Менің ойымша, бүкіл ел аумағы бойынша шектеу салуға болар еді. Жасылдар партиясы да осындай бастама көтеріп жатыр деп естідім.