Әлемде қуаңшылық зардабы өсіп жатыр

Бразилияда жаңбыр азайды. Өткен айда 66 мм ғана жаңбыр жауған. Бұл алдыңғы көрсеткіштен 60%-ке кем. Елде ауызсу тапшы.

Карлос Мачадо, Улья – Негра өңірінің басшысы:

- Құрғақшылық салдарынан адамдарға, жануарлар мен өсімдікке су жетіспей, қиын болып жатыр. Әр отбасына 15 күнде 300 литр су ғана береміз.

Францияда әдеттегі жауын-шашынның 25% ғана түскен. Соңғы 32 күнде жауған тамшының мөлшері 1 мм-ге де жетпейді. Билік ауызсуды тұтынуда ысырапқа жол бермеуді ескертіп әлек.

Мари – Чантал Хокко, жергілікті тұрғын:

- Аймақтағы өзен-көлдер су алып барады. Қыстың кеткені енді ғана. Ыстық жаз келгендегі күніміз не болады?! Ойлаудың өзі қорқынышты. Бұған дейін ауызсу үнемдеп көрмеген едік.

Африкадағы ахуал тіптен жаман. Кенияда жылдап жаңбыр жаумаған соң ауыл шаруашылығы толық тұралады. Бұл елде ауызсу түгілі бір тілім нан мұңға айналған. Халықаралық Құтқару комитетінің мәліметі бойынша аш өзегіне түскен 32 сәби көз жұмған. Мамандар елде 1 миллиондай бала ешқашан тойып тамақ ішпейтінін айтады. Бала-шағасын асырау үшін әйелдер ауыр жұмыс істеуге мәжбүр.

Люси Тохо, тас ұсатушы:

- Менің 9 балам бар. Күйеуім - дімкәс, жұмыс істей алмайды. Оқу құралы мен керек-жарағы түгел болмаған соң балаларым сабаққа бара алмайды. Негізі ауыл шаруашылығы саласында істейтін едім, құрғақшылықтың кесірінен барлық егіс алқабы қурап қалды. Еріксіз қолмен тас уататын жұмысқа шықтым. Соның өзінде айлығымыз шайлығымызға жетпейді.

Қытайда қуаңшылықпен тиімді күресіп жатыр. 

Ал Қытай қуаңшылықпен тиімді күресіп жатыр. Құрғақшылық Еуразиядағы ең ұзын және су мол Янцзы өзеніне зардабын тигізе бастап еді. Билік тиісті шараларды дер кезінде қолға алған.

Уаң Даоси, Қытайдың су ресурстары вице министрі:

- Янцзы өзенінің бойында 300 үлкен су қоймасы жасақталды. Оларда 80 млрд текше метр су қоры сақталған. Осылайша былтырдан бері қыса бастаған құрғақшылыққа жақсы төтеп беріп отырмыз.

Қолдан суландыру жүйесі мен түрлі технологияларды енгізудің арқасында 16 млн гектар егіс алқабы 4 есе ұлғайған. Қазір бұл жерлерде бидайдың 77, ал дақылдардың 90% өндіріледі.

Авторы: Ернат Мелсұлы