Аралас сайлау жүйесі: әлемдік тәжірибе
Аралас сайлау жүйесі әлем елдерінінің тәжірибесінде кеңінен қолданылады. Еуропада Германия, Италия, Ұлыбритания болса, көршіміз Ресей мен Грузия да осы жүйеге көшкен, деп хабарлайды «Хабар 24».
Әлемде мажоритарлық және прапорционалдық сайлау жүйесін қатар қолданатын елдің бірі – Германия. Бұл мемлекетте аралас сайлау жүйесі 1953 жылы енгізілген. Елде бір палаталы парламент – Федералдық жиынға сайлау әр 4 жыл сайын өтеді. 598 орыннан тұратын Бундестаг мүшелерінің жартысы бір мандатты округ бойынша сайланады. Қалған бөлігі партиялық тізіммен жасақталады. Осыған сай электорат та 1 бюллетень арқылы 2 дауыс беру құқығына ие. Бірақ партиялық тізім бойынша санақ маңызды. Себебі ол парламенттегі саяси күштің үлесін анықтап, үкіметті құрылымдауға тікелей әсер етеді. Партия парламентке өту үшін 5 проценттік межені еңсеру керек.
Кәрі құрлықта сайлауда аралас жүйеге сүйенетін тағы бір мемлекет – Италия. Аппенин түбегі оған 1993 жылғы реформадан кейін көшті. Оның парламенттің қос палатасына да қатысы бар. Мысалы, 400 орындықты Төменгі палата депуттарының тек үштен бір бөлігі бір мандатты округ бойынша сайланады. Партиялар парламентке өту үшін 3 проценттік межені еңсеруі тиіс. Ал бірнеше саяси топтан құрылған одақ болса сайлаушылардың 10 процент дауысын жинауы қажет. Қос палатаға да сайлау бір уақытта өтеді. Оның мүшелері 5 жылға сайланады.
Күншығыс елінде де парламенттік сайлау осындай жолмен өтеді. Ол өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап енгізілген. Оған ішкі саяси ахуал ықпал еткен. Себебі мажоритарлық сайлау жүйесінен «Либерал-демократиялық партия» үнемі жеңіске жетіп, сынға ұшырайды. Қазір прламенттің қос тармғында да аралас сайлау жүйесі қолданылады. 465 орынды Өкілдер палатасының 289 депутаты бірмандаттық округ, ал қалған 176 мүшесі прапорционалдық принцип бойынша сайланады. Бір ерекшелігі партия тізіміне енгізілген кандидат бірмандаттық округте де сайысқа түсе алады. Өкілдер палатасының мүшелері 4 жылға, ал Кеңесшілер палатасы 6 жылға сайланады. Соңғысының құрамы әр 3 жыл сайын жаңартылып отырады.
Тынық мұхитындағы Жаңа Зеландияның да аралас жүйеге көшкеніне 30 жылдай уақыт болды. 1994 жылға дейін бұл елде бір палаталы парламент мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша өтті. Салдарынан 60 жыл бойы елді «Лейбористік» және «Ұлттық» партия билеп, шағын саяси топтар парламентке кіре алмаған. Қазір 120 орыннан тұратын бір палаталы парламенттің 72-і орыны бір мандатты округ бойынша сайланады. Қалғаны партиялық тізім бойынша таңдалады. Мұнда да партия үшін 5проценттік меже бар.
Ал көрші елдердің ішінде осы жүйені қолданатын мемлекеттің бірі –Қырғызстан. Айыр қалпақты ағайындар бұл жүйеге 2021 жылы көшті. Реформадан кейін Жогорку кенештің 54 депутаты партиялық тізім бойынша, қалған 36-сы бір мандатты округ бойынша сайланатын болып бекітілген. Партияның парламентке кіруіне қажетті меже 3-тен 5%-ке көтерілді. Әйелдерге 30 проценттік квота сақталған. Яғни, партия 10 орынға ие болса, оның 3 мандатын әйел депутат иеленеуі тиіс.
Авторы: Дәурен Ақашұлы.