Оңтүстік Кореядағы азаматтарымыз дауыс беріп жатыр. LIVE
Қазақстанның шетелдегі кейбір консулдықтары мен елшіліктеріндегі сайлау учаскелерінде жұмыс қызып тұр. Жапония мен Оңтүстік Кореядағы азаматтарымыз алғаш болып дауыс берді. Солардың бірі – Елнұр Асанов. Ол шетелде дауыс берген алғашқы қазақстандық болып тіркелді. Сеулде 258-ші сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр.
Владислав Цой, тілші:
- Сеулде сайлау учаскесі 7:00-де, ол Астана уақытымен таңғы 4-те ашылды. Елшілік қызметкерлерінен құралған учаскелік сайлау комиссия мүшелері бүгінгі сайлауды еліміздің әнұранымен бастады. Сайлау учаскесіне бірінші келген сайлаушы Корея Республикасы Әскери-теңіз академиясының 3 курс курсанты Елнұр Асанов болды. 21 жасар Шымкенттің тумасы Кореяға 4 жыл бұрын келген. Әскери аудармашы мамандығында оқып жатыр. Курсант Асанов қазақ, орыс, корей, ағылшын және испан тілдерін біледі. Сайлауға қатысу үшін академия басшылығы Елнұрға 1 күн демалыс берді. Ал бүгін кешке дейін ол Пусанға қайтуы керек. Бұл қала Кореяның оңтүстігінде, Сеулден 300 шақырым жерде орналасқан. Елнұрдан сұхбат жазып алған едім. Тыңдап көрейік.
Елнұр Асанов, Корея Республикасы Әскери-теңіз академиясының курсанты:
- Мен осы Қазақстан азаматының міндетін атқаруға келдім. Өзім негізі осы туралы интернеттен естіп, соны зерттеп, таңдауымды шешіп келдім. Менің арманым – Қазақстан коррупциясыз, демократиялық, өз суверенитетін ақталған мемлекет болса. Сол арманым.
Владислав Цой, тілші:
- Сайлаушылар отандық арналарда өткен теледебаттарды, сондай-ақ әлеуметтік желілерде көрсетілген партия мүшелері арасындағы пікірталастардың арқасында сайлауалды бағдарламалармен таныса алды. Шетелдегі азаматтарымызға партиялардың біреуіне ғана дауыс беруге болады, бір мандатты округтер мен мәслихат депутаттарына дауыс беру мүмкін емес. Шет елде дауыс беру үшін азаматтарымыз сайлау учаскесіне алдын ала өтініш беріп, сайлаушылар тізіміне енгізу үшін мәліметтерді ұсыну қажет болды. Жалпы айтқанда, Сайлаушылардың белсенділігі байқалады.