Өзбекстанда тағы жер сілкінді
Ташкентте тағы жер сілкінді. Бұл жолы да балдық көрсеткіш 5-ке дейін жеткен. Жерасты дүмпуінің ошағы Тәжікстанда тіркеліп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Рауан Мыңбаев тілші:
- Тәжікстан, Ауғанстан аумағында болып жатқан қатты жер сілкінісінің салдары Ташкентте тағы сезілді. Кейін бүкіл Өзбекстан аумағына тарады. Мына менің ту сыртымдағы үйлердің тұрғындары түнгі 1-ден бастап қайта далаға шықты. Жергілікті сейсмостанция өкілдері бірнеше минуттан соң 5 балдық жерасты дүмпуінің болғанын хабарлады. Араға 1 сағат салып жұрт үйлеріне кірді. Таңға таяу тағы бір дүмпу болды. Бірақ оны көпшілік сезіне қоймады. Тек арнайы аппараттар тіркеді.
Баспаналарда қабырға қозғалып, аспашамдар теңселгенін, айта кету керек. Дегенмен үйлер мен ғимараттарға зақым келмеді. Ахуалды төтенше жағдай қызметі бақылауда ұстап отыр.
Жерасты дүмпуі наурыздың 20-нан 21-не қараған түні де болған еді. Содан бері халықтың бойындағы қорқыныш ұлғая түсті. Оны әлеуметтік желідегі фейк ақпараттар да арттырып жатыр. Оның үстіне жер сілкінісінің мұнда тағы қайталану қаупін ешкім жоққа шығармайды. Себебі жергілікті билік органдары бұған қатысты әзірге қандай да бір мәлімдеме таратқан жоқ.