Ең суық аймақта Наурыз тойланды

Мәңгілік мұз аймағы да Наурыз мейрамын тойлады. Саха-Якутия Республикасының астанасы Якутск қаласында Ұлыстың ұлы күнін түркі және парсы тілдес халықтардың өкілдері бірге қарсы алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Саха-Якутия көпұлтты ел: мәңгілік мұз аймағында 135 халық өкілі тұрады.  Олардың ішінде Наурыз мейрамын тойлайтындары көп. Бірақ далада әлі қақаған аяз, сондықтан мерекелік шаралар Халық достығы үйінде өтті.

Антонида Карякина, Халық достығы үйінің директоры:

- Біздің жерімізге Наурыз келгеніне қуаныштымыз. Елімізде қазақ диаспорасы өте белсенді. Біздің якуттар да Наурызды атап өтеді. Якут халқы үшін 21 наурыз өте маңызды күн. Көктемгі күн мен түннің теңелу күнінде бата алып, алғыс ырымын жасаймыз.

Якутияның 1 млн-ға жуық халқы бар. Оның 300 мыңы ел астанасы Якутск қаласында тұрады. Мұнда 30-ға жуық қазақ отбасы бар.

Саяхат Жапаров, Қазақ қоғамдық ұйымының төрағасы:

- Мен Алтайдан келдім осы жаққа. Кошагач ауылы, санасақ, сонда 20 мыңдай қазақ тұрады. Мүнда көп қазақтар жоқ енді. Қанша қазақтар бар, жиналып, білетін нәрселерін істейді. Арпа көже істеп, бауырсақ істеп, құртты Қазақстаннан әкеледі.

Қазақтар саны аз болса да, олар Саха Якутия  өміріне белсене атсалысады. Гүлжан Огонерова – Шымкенттің тумасы, 18 жылдан бері Якутскіде тұрып жатыр, қалалық аудандық кеңесті басқарып, жергілікті тұрғындардың мәселесін шешуге көмектеседі  .

Гүлжан Огонерова, Губинск қалалық округ кеңесінің басшысы:

- Бұрын қазақтар Якутияға көптеп келетін, негізінде дәрігерлер мен ұстаздар жұмыс бабымен осында келіп, кейін Якутияға қоныс аударды. Қазір қазақ студенттері оқуға келіп жатыр. Ең бастысы, өзіміздің салт-дәстүрлерімізді сақтап қалуға тырысамыз.

Енді жергілікті халық тек жазда жиналып, Ысыах деп аталатын якут Жаңа жылын тойлайды.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.