Испанияның шығысында 3 жылдан бері жауын-шашын жоқ

Испанияның шығысында 3 жылдан бері жауын-шашын жоқ.

Құрғақшылықтан тығырыққа тірелген халық өз наным-сенімі бойынша тасаттық берді. Ал қуаңшылықтан қатты зардап шегіп келген АҚШ-тың Калифорния штатында керісінше биыл су молая бастады.

Испания билігі былтыр желтоқсанда елде құрғақшылық басталғанын ресми жариялады. Жалпы соңғы 3 жылда шығыс аймақта жауын-шашын азайды. Биыл әдеттегі жаңбырдың 16 пайызы ғана жауған. Ал күнделікті температура бағаны 15 градустан түсіп көрген жоқ. Үкімет суды пайдалануға шектеу қойды.

Джозеф Алтарриба, шаруа:

- Енді 2 аптаның ішінде жаңбыр жаумаса, жағдайымыз өте қиын болғалы тұр. Өткен жылдың көктемінен бастап жалпы Каталонияда жауын-шашын мүлде азайып кетті. Бізге тез арада жаңбыр керек.

Қуаңшылықтан қатты қиналған ауыл тұрғындары өз наным-сеніміне орай тасаттық берді. Діни рәсімді жергілікті шіркеу қызметкері басқарған. Аймақтағы су қоймаларының хауызы 85 пайызға бос тұр.

Едуард Перарнау, өрт сөндіруші:

- Неғұрлым көп адам дұға қылса, тілегіміз қабыл болатын шығар деген үмітіміз бар. Бұл жердегі адамдар әбден уайымдап жүр. Қоймаларымыз тезірек суға толса екен.

АҚШ-та су молая бастады

Ал соңғы 3 жыл бойы құрғақшылықтан қатты зардап шеккен Калифорния штатында жауын-шашын молынан түсті. Қыста қалың жауған қар еріп, жылғаларды суға толтырды. Қуаңшылық кезінде суды пайдалануға салынған шектеулер де біртіндеп алына бастады.

Гавин Ньюком, Калифорния штатының губернаторы:

- Штаттағы ауа райы күрт өзгерді. Су көбейе бастады. Бірақ толық еркінсуге әлі ертелеу. Өйткені біраз өңірде қуаңшылықтың беті қайтқан жоқ.

Әзірге штат бойынша 27 миллион тұрғынға су беру ережелері жеңілдетілді. Былтыр желтоқсаннан бері аймақта соққан 12 боран қалың қар мен жауын-шашын ала келген еді. Бұл құбылысты метеорологтар "атмосфералық өзендер" деп атайды екен. Әзірге штаттағы 17 үлкен қойманың 12-сіне су тола бастады.

Автор: Ернат Мелсұлы