Теннесси штатында мектептегі атыстан жеті адам қаза тапты
АҚШ-тың Теннесси штатындағы мектепте қаскөй оқ жаудырып, 7 адам қайтыс болды.
Бұл жыл басталғалы бері АҚШ-та бейбіт тұрғындарға бей-берекет оқ атылған 130-оқиға. «Тапа-тал түсте қашанғы бейкүнә балаларды құрбан етеміз», деген Президент Джо Байден Конгрессті нақты шара қабылдауға шақырып отыр.
Нұрбек Бекен, тілші:
- Дүйсенбі күні таңертең Теннеси штаты, Нэшвилл қаласындағы діни мектептің үш оқушысы мен үш қызметкері қаскөйдің қолынан қаза тапты. 28 жастағы әйел екі жартылай автомат және тапаншамен қаруланып Ковенент мектебіндегі оқушыларға оқ жаудырады. Оқиға орына келген полициямен де атысып, өзі де оққа ұшты. Оның мұндай аса ауыр қылмысқа не үшін барғаны белгісіз.
Джон Дрейк, полиция басқармасының басшысы:
- Мендегі ақпарат бойынша күдікті қайбір жылдары осы мектептің оқушысы болған. Қазір нақты қай жылы екенін айта алмаймын.
Қару-жарақ құрбандарын есепке алып отыратын арнайы порталдың дерегі бойынша 2023 жылдың басынан бері қоғамдық орындарда осындай 130 қайғылы жағдай тіркелген. АҚШ президенті өткен жылдан бері Конгрессті суық қаруды сату бойынша Заңды қатаңдатуды сұрап келеді. Былтыр жазда бұрын сотталған, немесе отбасында жиі жанал шығаратын тұрғындарға, жасөспірімдерге жартылай автоматтарды сатуды шектейтін заңға қол қойды. Алайда одан нәтиже болмай тұр. Қаруды өзімді, отбасымды қорғау үшін ұстаймын дейтін америкалықтар тәртіпті қатаңдатуға қарсы. Бірақ бейбіт күнде бейкүнә халық оққа ұшуда.
Джо Байден, АҚШ президенті:
- Біз қару-жарақпен жасалатын зорлық-зомбылықты тоқтату үшін әлі көп жұмыс істеуіміз керек. Бұл біздің қоғамды бөлшектейді, біздің ұлттың ішкі жан-дүниесін бұзып жатыр.
Соңғы жылдары АҚШ-та жаппай оқ жаудыру оқиғасы қалыпты жағдайға айналып барады. Бірақ әйел адамның мұндай ауыр қылмысқа баруы сирек екен. 1966 жылдан бері тек төрт әйел осыған ұқсас қылмыс жасаған. GVA (Gun violence archive) дерегі бойынша жыл басынан бері бей-берекет оқ ату оқиғасынан 400-ге жуық бала мерт болды.