ОПЕК+ елдері мұнай өндірісін қысқарту туралы келісімге келді
ОПЕК+ елдері мұнай өндірісін қысқарту туралы келісімге келді. Келесі айдан бастап тәулігіне 1 миллион баррельге аз өндіріледі.
Бұдан келер пайда қандай? Мұндай шешіммен қара алтын экспорттаушы мемлекеттердің көздегені не? Осы жайлы рет-ретімен әріптесім Ғани Мұқашұлы айтып беруге дайын.
Опекке мүше мемлекеттердің бұл шешімі көпшілік үшін күтпеген жағдай болды. Бір қызығы, бұл шара ерікті, ал өндірісті қысқарту осы жылдың соңына дейін жалғасады. Толығырақ бірер секундттан соң.
ОПЕК+ елдері мамырдан бастап мұнай өндірісін азайтады. Қара алтын экспортаушы елдер ұйымының мүшелері жуырда осындай мәмілеге келді. Оған сәйкес, өндіріс көлемі тәулігіне 1 млн баррелге дейін қысқарады. Осылайша ОПЕК өкілдері әлемдік қара алтын нарығының тұрақтылығын сақтауды көздейді. Соңғы деректерге сүйенсек, Сауд Арабиясы баррельмен бағаланатын байлықты 2023 жылдың соңына дейін тәулігіне жарты миллионға дейін азайтпақ. Ресей де осындай шешім қабылдады. Ал Ирак 210 мыңға, Біріккен Араб Әмірліктері 145 мың баррельге аз өндіреді. Өз кезегінде Оман қара алтын өнідірісін 40 мың баррельге ғана қысқартатын болды.
Ал Қазақстан ше? Біздің мемлекетте те жеті қат жер астындағы қара майды келесі айдан бастап азырақ өндіреді. Энергетика министрлігі таратқан ақпар бойынша елімізде тәулігіне 78 мың баррельге кемітеді. Жалпы, бұл қысқарту, ұйымның былтыр 5-қазанда өткен 33-министрлік кездесуінде қабылданған шешімге қосымша ескерту шарасы.
Естеріңізде болса, былтыр 5 қазанда Венада ОПЕК+ келісіміне қатысушы елдердің министрлік отырысы өтіп, онда қараша айынан бастап мұнай өндірісін тәулігіне 2 млн баррельге азайту келісілген еді.
ОПЕК мұнай өндірісін қысқартады
Қысқартуын қысқартты. Ал бұдан келер пайда қандай? Жалпы мұнай «ойыншыларының» ойында не бар? Естеріңізде болса, өткен айда мұнай бағасы барреліне 70 долларға дейін төмендеп кеткен болатын. Бұл кейінгі 15 айдағы ең нашар көрсеткіш болып тіркелді. Әдетте қара алтын құны төмендесе, қалың бұқара бірден алаңдай бастайды. Теңгенің құнсыздану қаупін де болжап, бағдарлап та жатады жұртшылық. Не десек те, экономикаға орасан ықпалы бар мұнайдың арзандауы – қара алтынды эскпорттайтын кез келген елге аяғын аңдап басу қажеттігін еске салады. Оған қоса, әбжіл әрекеттерді де керек етеді. Осы ретте сарапшылар Опектің бұл шешімі мұнай бағасын өсіруге деген талпыныс екенін айтады. Яғни меже кемі 80 доллар екен.
Джон Дрискол, сарапшы:
- ОПЕК-тің басты мақсаты – сұраныс пен ұсыныс тепе-теңдігін сақтап қалу. Ұйым нарықтағы қара алтын қорының тым көп болып кетпейтініне сенімді болғысы келеді. Сонымен қатар, Опек елдері мұнай бағасын барреліне 80 доллар көлемінде ұстап тұруды қалайды.
ОПЕК елдерінің көздегені көп күттірмей өз жемісін берді. Мұнай өндіруді шектеу туралы ОПЕК+ келісімі күшіне енбей жатып қара алтын қымбаттап шыға келді. Бүгін таңертең өткен аукционда Brent эталонының бағасы барреліне 5 долларға дейін өсіп, 85 доллардан саудаланды. Голдмэн Сакс болжамы бойынша жыл соңына қарай ол 95 долларға жетіп қалуы мүмкін. Ал 2024 жылы тіпті 100 доллардан саудаланады деген жорамал бар. Оң динамака қазір қор нарықтарында да байқалып отыр. Total, Shell мен British Petroleum секілді мұнай компанияларының құнды қағазы 4 пайызға қымбат. Өз кезегінде қара алтынға тәуелді кәсіпорындардың акциялары керісінше құнын жоғалтқан. Мәселен, British Airways акциялары қазір 1,5 пайызға арзан.
Бірақ мұнай бағасының өсуі бүкіл әлем бойынша тауардың қымбаттауына әкелуі мүмкін. Тек АҚШ-тың өзінде жанармай-жағармайдың бір галлоны шамамен 26 центке өседі деп қауіп бар. Батыс елдеріндегі инфляция одан сайын шарықтай түседі деген жорамалдар да жасалып отыр.