Қытайда халық ағаш егуге жаппай жұмылады
Қытайда ағаш егу науқаны мемлекеттік деңгейде ұйымдастырылады.
Шараға халық жаппай қатысып, елді көгалдандыруға өз үлесін қосады. Жалпы Қытай ағаш отырғызу бойынша әлемде көш бастап келеді. Ондаған жылдар бойы жүйелі жүргізілген жоспардың нәтижесінде, шөл болған аймақтар ну орманға айналды.
Бейжіңдегі ағаш егу шарасына Қытай халық республикасының төрағасы Си Цзинпинь қатысты. Көлемі бойынша әлемде үшінші орынды АҚШ-пен бөлісіп тұрған Қытайда жердің 27 процентін шөл алып жатыр. Үнемі соғатын дауылдардың кесірінен айналасын құм басып, тіпті Бейжің секілді ірі қалаларға жеткен.
Соңғы елу жылда елдегі ормандардың үлесі 5 проценттен 13 жарым процентке дейін өсті. Бұл Батыс Еуропамен шамалас аудан.
Ван Минхуа, Тошуйцюань аймағының тұрғыны:
- Кезінде бүкіл аулымызды құм басатын. Жел соққанда, күндіз де шам жағып, сыртқа шығатынбыз. Өйткені түк көрінбейтін. Осының кесірінен малшылар қойларын да жоғалтатын. Ал түнде үйлерімізді құм басып, есікті ашу үшін күрекпен тазартатынбыз. Ағаш еге бастағалы құмнан құтылып, еккен дақылдардан өнім де артты. Жұрттың әл-ауқаты өсті.
Әу баста билік ағаш егуді міндеттесе, қазір жұрт өз еркімен егеді. Шаруалардан көшеттерді сатып алады. Әсіресе сексеуіл секілді құмда өсуге бейімделген ағаш түрлеріне сұраныс көп.
Лю Хуни, орман шаруашылығының басшысы:
- 2012 жылдан бері сексеуіл егіп келеміз. Мен 533 гектарға егіп, көшет сатудан жыл сайын 11 мыңдай доллар табамын. Бұрын көбісі жұмыс іздеп өзге жерге кететін. Ал қазір орала бастады.
Ағаш егуден мол пайда табудың тағы да бір жолы бар. Экологиялық ахуалы нашар Қытайда кәсіпорындарға ауаға шығаратын көмірқышқыл газ көлемі шектелген. Алайда орман еккен шаруаларға ағаштары сіңірген көмірқышқыл газы үшін ақша төлеп, өндірісін арттыра алады. Жалпы Қытай билігі 2050 жылға дейін 100 миллиард ағаш егуді көздеп отыр.
Бекболат Тұрмаханов